Украина әскері Северскіден кеткенін хабарлады

Северск

Украина әскері Донецк облысындағы Северск қаласынан кеткенін хабарлады. Мұнда Ресей әскері алға жылжып, облыстағы ірі қалалардың бірі Украина күштері бақылауындағы Славянскіге жақындауға тырысып жатыр.

Украина қарулы күштерінің бас штабы “жауынгерлердің өмірі мен соғысу өнімділігін сақтап қалу үшін” сол аумақтан кеткенін хабарлады. Штабтың хабарлауынша, Северск аумағында әлі ауыр шайқас жүріп жатыр – Ресей әскері “әскер және техника жағынан” айтарлықтай басымдыққа ие. Едәуір адам шығынына қарамастан орыс күштері белсене әрекет етіп жатыр.

Қарсылас жақтың тактикасын сипаттаған қарулы штаб өкілдерінің айтуынша, орыс әскері сан жағынан басымдығын пайдаланып, қолайсыз ауа райы кезінде шағын топтар арқылы үнемі штурм жасап отырып, қысым жасауға талпынады.

Украина күштері олардың шабуылға қабілетін төмендету үшін логистиканы қиюға күш салып жатыр.

Ресей қарулы күштері бұған дейін яғни, 11 желтоқсанда орыс әскерінің Северскіні бақылауға алғанын мәлімдеген. Сол кезде Украина күштері қалада шайқас жалғасып жатқанын айтқан.