27 қарашада Украина Ресей және Украинаның Ресей бақылауындағы аумақтардан 10 адамды қайтарды. Олардың тоғызы — бала, ал біреуі — Херсон облысындағы Олешки балалар үй-интернатының бұрынғы тәрбиеленушісі. Бұл жөнінде Украина Жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец хабарлады.
Оның айтуынша, балаларды қайтару жұмысы АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамптың араағайындығымен ұйымдастырылған.
Қайтарылған балалар Херсон және Запорожье облыстарының оккупацияланған бөліктерінде, Қырымда және Ресей аумағында болған. Олардың ең кішісі — сегіз жаста. Балалармен бірге немересін ертіп келген әжесі де Украинаға оралған. Ол елде қалуды жоспарлап отыр.
Лубинецтің айтуынша, кейбір балаларды қайтару процесі бір жылдан астам уақытқа созылған. Украина президент Владимир Зеленскийдің мәліметінше, Ресей басқыншылығы басталғалы бері Украина 2875 баланы қайтарған.
Украина билігінің мәліметінше, соғыс кезінде 20 мыңнан астам украин баласы Ресейде және оккупацияланған аумақтарда қалған. Алайда украин билігі олардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін деп есептейді.
2023 жылғы наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы украин балаларын заңсыз депортациялауға байланысты әскери қылмысқа күдікті деп танып, оларды қамауға алуға ордер берген. Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.