Украина елшісі КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға Киевтің қатысы жоқ деді

Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Қара теңіздегі Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымы мен мұнай танкерлеріне жасалған шабуылдарға Украина қарулы күштерінің қатысы барын жоққа шығарды. Қазақстан экспортқа жөнелтетін мұнайының негізгі бөлігі КҚК құбыр желісімен Қара теңіздегі терминалдарға жеткізіліп, ары қарай танкерге тиеліп тасымалданады.

Виктор Майконың мәлімдемесін 21 шілде күні Times of Central Asia басылымы жариялады.

Киев мұнай тасымалдайтын танкерлерге шабуылдар жасалғанына байланысты Астананың алаңдаушылығын түсінетінін, бірақ ол шабуылдарға Украинаның қатысын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоғын айтқан.

"Украина билігі жақында ғана Ресейдің арандату әрекеттеріне баруы, соның ішінде украиналық дрондарды пайдалануы мүмкін екендігі жайлы ескерткенін атап өткім келеді. Біз халықаралық серіктестерімізге Ресей түрлі тактиканы белсенді түрде қолданып жатқанын айтқанбыз: ресейлік радиоэлектронды соғыс жүйелері украин дрондарының жұмысын бұзып, оларды істен шығаруға және кей жағдайда оларды өз бақылауына алуға қабілетті, — деді елші. — Сондықтан Ресейдің мұндай дрондарды арандату жасауға және Украинаның беделін түсіруге қолдану мүмкіндігін мұқият зерттеу қажет".

Оның сөзінше, Украина қарулы күштері азаматтық емес, тек Кремльдің соғыс машинасына қолдау көрсетіп отырған әскери нысандарды заңды нысана санайды.,

"Украина Қазақстанды, оның азаматтарын, инфрақұрылымы мен экономикалық мүдделерін ешқашан әскери нысана деп қарастырылмаған және қазір де қарастырылып отырған жоқ. Каспий құбыр консорциумының инфроқұрылымына немесе Қазақстан Республикасының өзге де экономикалық энергетикалық нысандарына жасалған кез-келген шабуыл Украинаның мүддесіне сай келмейді", — деген елші Майко мәлімдемесінде.

Шілденің 17-сі, 19-ы және 20-күндері Новороссийскідегі КҚК терминалдарына барған бірнеше мұнай танкеріне дрондар шабуыл жасағаннан кейін Қазақстанның сыртқы істер және Энергетика министрліктері КҚК нысандарына шабуылды тоқтатуға шақырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

КҚК терминалында мұнай тиеп жатқан танкерге тағы да дрон шабуылдадыМинистрлік КҚК мұнайын тасымалдайтын кемелерге жасалған шабуылды айыптадыДрондар Новороссийск түбінде КҚК терминалына шабуыл жасадыБАҚ: Қара теңізде КҚК терминалына бара жатқан танкерге шабуыл жасалдыОрмуз бұғазында не болып жатыр? Қазақстан мұнай тасымалын арттыра ала ма?