Украина Херсон облысының Ресей басып алған аумағынан 14 баланы қайтарды

Украина Херсон облысының Ресей әскеріне қарайтын аумағынан 14 баланы қайтарды. Бұл жөнінде Херсон облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Александр Прокудин хабарлады. Оның сөзінше, 6-17 жас аралығындағы 4 ұл бала мен 10 қыз бала қайтарылған.

Прокудин оралғандардың арасында Ресей әскері әскери тіркеуге тұруға мәжбүрлеген 16 жастағы жасөспірім барын да айтты. Жыл басынан бері Херсон облысының оккупацияланған бөлігінен 204 бала қайтарылды деді ол.

Украина билігінің ресми мәліметі бойынша, 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Украина аумағынан Ресейге 200 мыңнан астам бала депортацияланған. Bring Kids Back UA бастамасы аясында Украина 2600-ден астамын қайтара алды.

Ресей жағы "Ресей аумағында тіркелген" 700 мың украин баласы барын айтты. Кейбір жағдайда оларды ресейлік отбасына асырап алуға жіберген.

БҰҰ халықаралық комиссиясы 1205 бала қоныс аударылғанын тәуелсіз түрде растады. 995-і – «ДХР» және «ЛХР» аумағындағы 11 мекемеде тұрған. Наурыз айында комиссия Ресейдің Киев бақыламайтын Украина жерінен балаларды депортациялау, заңсыз алып кетуді "адамзатқа қарсы қылмыс" деп таныды, сондай-ақ бұл балаларды Украинаға қайтаруды кешіктіруді әскери қылмыс деп таныды.

2023 жылдың 17 наурызында Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей басшысы Владимир Путин мен адам құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер шығарды. Оларға Украинаның оккупацияланған аумақтарынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялады деген айып тағылды.