Украина Кривой Рогқа жасалған шабуылға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды

Ресей зымыраны түскен Украинаның Кривой Рог қаласындағы балалар қаза тапқан ойын алаңында жылап отырған ер адам.

Ресей күштері Кривой Рог қаласына жасаған шабуылдан кейін Украина БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады. Жұма күні жасалған шабуыл салдарынан 20 адам қаза тауып (оның тоғызы – бала), ондаған адам жараланған.

"Өткен аптада Ресейдің Кривой Рогқа баллистикалық зымыранмен жасаған шабуылы тоғыз баланың өмірін қиды — бұл 2022 жылдан бері бір сәтте ең көп украин баласы қаза тапқан оқиға. Ресей кәдуілгі тұрғын аудандағы балалардың ойын алаңына, құрбан саны неғұрлым көп болсын деген мақсатпен кассеталық қару қолданып шабуылдады. Украина Ресейдің қылмыстарына әлем назарын аудару үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тұрақты кеңесінің арнаулы отырысын шұғыл шақыруды ұсынды", – деп жазды Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Х әлеуметтік желісінде. Оның айтуынша, екі отырыс та сейсенбі, 8 сәуір күні өтеді.

"Біз [Ресейді] батыл айыптауға және табанды іс-әрекеттер жасауға шақырамыз. Ресей украин балалары мен бейбіт халықты қыруды доғарып, АҚШ-тың атысты толық тыю туралы ұсынысын Украина сияқты қабылдап, соғысты тоқтатуы керек", – деп жазды Сибига.

Ресей шабуылының құрбандарын 9 сәуірге дейін аза тұтып жатқан Кривой Рог қаласында дүйсенбі, 7 сәуір күні бес адамды – төрт бала мен бір әйелді жерлеу рәсімі өтті.

Шабуылдан жараланған 30-дан астам адам ауруханада емделіп жатыр. Ресей шабуыл нысанасы – "әскери командирлер мен Батыс нұсқаушыларының қатысуымен жиын өткен мейрамхана" болды деп мәлімдеген. Мұны дүйсенбіде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты. Ол Ресей әскері Украинада "әлеуметтік нысандарға" шабуыл жасамайды деді.

Ресей зымыраны түскен жерге жақын тұста мейрамхана орналасқан. Ресейшіл блогерлер ол мейрамханада украин әскери басшылығы жиын өткізген болуы мүмкін деп жазды. "Настоящее Время" арнасы ресейлік зымыран түскен сәт көрінетін видео жариялады. Ол видеода мейрамхананың ішінде де, сыртында да әскери адамдар көрінбейді. Бұл видеоларды France24 арнасы да жарялаған. Онда мейрамхананың ішкі жағы көрсетілген, бірақ әскери қызметкерлер жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Кривой Рогқа жойқын шабуыл. АҚШ пен Украинаның жаңа келіссөз