Украина күштері Каспийдегі бұрғылау қондырғыларына шабуыл жасалғанын мәлімдеді

"Лукойл" компаниясының Каспийдегі Филановский атындағы кен орны (көрекі сурет)

Украина қарулы күштерінің бас штабы Каспий теңізіндегі ресейлік "Лукойл" компаниясына тиесілі үш бұрғылау қондырғысына шабуыл жасалғанын хабарлады. Оның мәлімдеуінше, аталған нысандар Ресей армиясын қамтамасыз етуге пайдаланылған.

Бас штаб дерегінше, келтірілген залал ауқымы нақтыланып жатыр. Мәлімдемеде шабуыл қандай құралмен жасалғаны көрсетілмеген. Бұл ақпаратты тәуелсіз дерек көздерінен растау әзірге мүмкіндік жоқ.

Бұған дейін былтыр 14 желтоқсанда Украина қарулы күштерінің бас штабы Каспийдегі Ресейдің мұнай инфрақұрылымына дронмен шабуыл жасалғанын хабарлаған. Бас штаб сол жолы Грайфер атындағы мұнай-газ кен орнындағы бұрғылау қондырғысы нысанаға алынғанын хабарлаған. Шабуыл салдарынан күніне жалпы көлемі 3 500 тонна болатын 14 мұнай ұңғымасының жұмысы толық тоқтаған деп айтылған.

Ал 2025 жылғы 20 желтоқсанда украиналық әскери басшылық Филановский атындағы өзге бір кен орнындағы қондырғыға да шабуыл жасалғанын мәлімдеген еді.