Бейсенбі, 5 ақпанда Украина қарулы күштерінің бас штабы қаңтар айында Ресейдің Астрахан облысындағы Капустин Яр полигонындағы ангар кешеніне "бірқатар сәтті шабуыл" жасалғанын мәлімдеді.
Украин армиясының дерегінше, полигондағы ангарларда "құрлықаралық және орта қашықтыққа арналған баллистикалық зымырандарды ұшыруға дейінгі дайындау" жұмыстары жүргізіледі.
Бас штаб бұл шабуыл Украина жасап шығарған, алысқа ұша алатын қару құралдарының, мысалы FP-5 "Фламинго" қанатты зымыранының көмегімен жасалды деп хабарлады.
"Полигондағы кейбір ғимаратқа түрлі дәрежеде зақым келді, ангарлардың бірі айтарлықтай бүлінді, ал қызмет көрсететін құрамның бір бөлігі эвакуацияланды", – деген Украина армиясы бас штабы мәлімдемесінде.
Ресей тарабы бұл ақпаратқа байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Украина әскери өкілдерінің дерегінше, Ресей Капустин Яр полигонынан 2024 жылғы қарашада Украинаның Днепр қаласына және 2026 жылғы қаңтарда Львовқа орта қашықтыққа ұшатын "Орешник" баллистикалық зымырандармен шабуыл жасаған. 2025 жылғы қазан айында Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) осы полигондағы "Орешник" зымырандарының бірін жойғанын хабарлаған.
"Орешник" – Ресейдің орта қашыққа ұшатын баллистикалық зымыраны. Бұл қару туралы алғаш рет 2024 жылғы 21 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Днепрдегі әскери-өнеркәсіптік нысанға ядролық емес "Орешник" зымыранымен шабуыл жасалғанын мәлімдеген кезде белгілі болды. Кейін ол Ресейде мұндай зымырандар қоры барын және оларды жаппай өндіру ісі жолға қойылғанын айтқан.
"Капустин Яр" полигоны 1946 жылы советтің алғашқы баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізу үшін салынған.