Украина мен Молдованың электр желісінде ірі апат болды

31 қаңтарда Украинаның электр желісінде апат болып, елдің едәуір бөлігі жарықсыз қалды.

Энергетика министрі Денис Шмыгальдың айтуынша, "Украинаның батыс пен орталық бөлігі арасындағы 750 кВ желі мен Румыния және Молдованың энергетикалық жүйелері арасындағы 400 кВ желі бір мезгілде істен шыққан".

Соның салдарынан Украинаның станциялардың автоматтық қорғаныс жүйесі іске қосылған.

"РБК-Украина" жазуынша, Киев, Харьков, Житомир, Винница, Полтава, Одесса облыстары ме өзге де аймақтарда жарық сөнген. Көп қалада сорғы станцияларында тоқ болмағандықтан сумен қамтамасыз ету жүйесінде ақау болған. Киев пен Харьковта метро істемей тұр.

Украинаның энергетика жүйесіндегі ақау көрші Молдоваға да әсер етті. Кишинев пен өзге де елді мекендерде электр энергиясы өшті. Молдова энергетика министрлігі "Украинаның электр желісінде ірі проблема" туындағанын айтты.

"Украинада кейбір электр желілерінің үзілуіне байланысты автоматты қорғаныс жүйесі іске қосылып, электр қуаты өшті" деді ведомство өкілдері.

Кишинев мэрі Ион Чебанның айтуынша, астананың басым бөлігі электр жарығынсыз қалған. Кейбір аудандарда бағдаршам істемей қалған, троллейбустар тоқтаған.

NewsMaker жазуынша, елді мекендердегі барлық медицина мекемелері генераторларға қосылған. Кеден қызметі бірнеше өткізу бекетінде жарық сөнгенін хабарлады. Мойындалмаған Приднестровье аймағында да жарық өшкен.