Украина Омбы мұнай өңдеу зауытына алғаш рет әуе шабуылын жасады

Украина күштері Ресейдің Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауытына әскери дронмен шабуыл жасады. 6 шілде, 2026 жыл. Supernova+ мониторинг арнасы жариялаған видеодан скриншот

Ресей армиясы Украинаға кең көлемді басқыншылық соғыс бастағалы бері алғаш рет Украина әскери күштері елден 2,5 мың километр қашықта жатқан Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауытына әскери дронмен шабуыл жасады. Оқиға 6 шілде күні болған деп хабарлады Украинаның Exilenova+және Supernova+ мониторинг арналары, олар зауыттағы жарылыстар деген сипаттама жазылған видеолар жариялады.

Украина қарулы күштерінің бас штабы әзірге бұл шабуыл жайлы ештеңе айтқан жоқ.

Бұған дейін Ресейдің Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко тұрғындарды дрон қаупі туралы ескертіп, кейінірек әуе қорғаныс күштері украин дрондарын атып түсіргенін және шабуылдың салдары анықталып жатқанын жазған. Кейін губернатор бірнеше дронның солтүстік өнеркәсіп аймағына жеткенін мойындады. Бірақ нысанаға зауыт алынғаны жөнінде ештеңе айтпады.

Мұнай өңдеу көлемі бойынша Ресейдегі ең ірі зауыт саналатын Омбы мұнай өңдеу зауыты "Газпромнефть" компаниясының құрамына кіреді. Компанияның веб-сайтында бұл кәсіпорын елдегі ең заманауи мұнай өңдеу зауыттарының бірі екені айтылған. 2026 жылдың көктемі мен жазында украин күштері Ресейдің еуропалық бөлігінде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды үдетті. Елдің көптеген аймағында қазір отын тапшылығы байқалып отыр.