Украинада министрлер кабинеті ауысады, премьер-министр Юлия Свириденко жаңа қызметке тағайындалады. 12 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп хабарлады.
Ол саяси стратегияны жаңарту және кадр өзгерту қажет деп мәлімдеді, алайда қандай өзгерістер болатынын егжей-тегжейлі жазбады. Оның сөзіне қарағанда, Свириденко үкімет басшылығынан кетіп, Украинаның маңызды шетел әріптестерінің бірімен қарым-қатынасты үйлестіру ісімен айналыспақ.
"Мен Юлияға премьер-министр ретіндегі айқын, тұрақты және тиімді жұмысы, Украина командасындағы жылдар бойғы жемісті жұмысы үшін алғыс айтамын және оған негізгі серіктеспен қарым-қатынастың жаңа, маңызды саласын басқаруды ұсындым", - деп жазды Украина президенті.
Зеленскиймен кездескеннен кейін Свириденко премьер-министр қызметінен кететінін және жаңа тағайындауға дайын екенін әлеуметтік желіде растады. Оның нақты қандай қызметке тағайындалатыны әзірге белгісіз.
Украина президенті әрбір басым сыртқы саясат саласына айтарлықтай тәжірибесі бар нақты адам жауапты болатынын айтты. Негізгі салалар қатарында Зеленский АҚШ-пен, сондай-ақ Еуропа одағымен, көрші елдермен (негізінен Польша мен Венгрия), Таяу Шығыс және Парсы шығанағы елдерімен және Қытаймен қарым-қатынасты атады. Сонымен қатар, Зеленский күштік құрылым басшылығында да өзгерістер болатынын хабарлады.
Юлия Свириденко былтыр шілде айында Украинаның премьер-министрі лауазымына тағайындалған. Оған дейін ол үкімет жетекшісінің орынбасары болып істеген.
Заң бойынша, жаңа премьер-министр лауазымына кандидатты Жоғарғы Рададағы көпшілік ұсынады, қазір парламентте президенттің жақтастары басым дауысқа ие.
Украиналық басылымдар премьер-министр лауазымына төрт кандидат қаралып жатыр деп хабарлады, олардың ішінде "Нафтогаз" басқармасының төрағасы және "Укрнафта" директоры Сергей Корецкий; Свириденкоға дейін үкіметте басқарған, қазіргі энергетика министрі Денис Шмыгал; қорғаныс министрі Михаил Федоров және Харьков мэрі Игорь Тереховтың есімдері аталды. 12 шілде күні Зеленский олардың бәрімен, сондай-ақ ішкі істер министрі Игорь Клименкомен кездесетінін айтқан.