Украина президенті кеңсесінің экс-басшысы Андрей Ермак қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді

Андрей Ермак

Украинаның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы (НАБУ) мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мамандандырылған прокуратурасы (САП) ел президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермактың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша оған ресми түрде күдікті мәртебесі берілгенін хабарлады.

НАБУ мәліметінше, "Мидас" атты операция аясында Киевтегі элиталық тұрғын үй құрылысы кезінде 460 миллион гривнаны заңсыз заңдастырған қылмыстық топ әшкереленген. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ермак осы топқа қатысқандардың бірі ретінде күдікке ілінген.

11 мамыр күні украиналық кейбір басылымдар НАБУ қызметкерлері Андрей Ермактың қатысуымен тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл жайында "Украинская правда", "Схемы" басылымдарының дереккөздері және Украина халық депутаты Ярослав Железняк мәлімдеген.

Кейбір ақпаратқа қарағанда, Ермакпен байланысты нысандарда тінту жүргізілген. "Схемы" жобасының жазуынша, әлеуметтік желілер мен медиада Ермактың САП прокуроры Валентина Гребенюкпен бірге көлікте отырған сәті түсірілген фото және видео тараған.

Журналистер сауалына жауап берген Ермак тағылған күдікке қатысты түсініктеме беруден бас тартып, өзінің жалғыз пәтері мен бір автокөлігі барын айтумен шектелген.

Андрей Ермак 2020 жылдан 2025 жылға дейін Украина президенті кеңсесін басқарды. Ол елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі болды және Украина президенті Владимир Зеленскийдің жақын серіктесі саналатын. 2025 жылғы қараша айының аяғында "Энергоатом" төңірегіндегі жемқорлық жанжалынан кейін қызметінен кеткен.

Сол кезде Ермак майданға баруы мүмкін екенін айтқан. Биыл наурызда ол Украина Ұлттық адвокаттар қауымдастығы жанынан құрылған Украинаға қарсы қарулы агрессиядан зардап шеккендерді қорғау жөніндегі комитетті басқаратыны белгілі болды.

НАБУ мен САП бұған дейін "Мидас" операциясы аясында жоғары лауазымды тұлғалар мен оларға жақын кәсіпкерлердің қатысы бар бірнеше қылмыстық схема әшкереленгенін хабарлаған. Тергеушілер схеманы ұйымдастырушылар ретінде кәсіпкер Тимур Миндичті — ол бұған дейін Зеленскиймен бірге "Квартал 95" жобасында серіктес болған — және қаржыгер Александр Цукерманды атады.

НАБУ деректеріне сәйкес, іске басқа да жоғары лауазымды украин шенеуніктерінің, соның ішінде министр шеніндегі адамдардың қатысы болуы мүмкін. Тергеушілер 2025 жылы Миндич бұрынғы энергетика министрі Герман Галущенкоға және бұрынғы қорғаныс министрі Рүстем Умеровке ықпал еткен деп топшылайды. Галущенко қызметінен босатылған, ал Умеров жақында тергелгені туралы хабар тараған еді.

Тергеушілер кең ауқымды жемқорлық ісі бойынша жасырын тыңдалған әңгімелер материалдарын зерттеу барысында алынған "Миндич таспаларында" құқық қорғау органдарына нұсқау беріп отырған "Әли-Баба" деген лақап атқа ие адам барын айтады. Тергеушілер ол адам Андрей Ермак болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Кейінгі кезде БАҚ-та Fire Point компаниясының қызметіне қатысты делінетін жаңа аудиожазбалар жарияланды. Компания өзге қару түрлерімен бірге алысқа ұшатын "Фламинго" зымырандарын да өндіреді. Fire Point компаниясының тең иесі Денис Штилерман қандай да бір заң бұзу оқиғасы болғанын жоққа шығарып, жарияланған жазбалар өзін қаралау мақсатында қолдан жасалған деп мәлімдеді.

Әзірге Ермакқа нақты қандай айыптар тағылғаны жарияланған жоқ. Алайда НАБУ хабарламасында "Мидас" операциясының қайта аталуы бұл істің Тимур Миндичтің қызметімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді дейді сарапшылар.