Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, 31 қазанға қараған түні Украина әскері Ресейдің Ростов облысындағы Каменск-Шахтинский қаласында орналасқан «Каменский комбинатына» соққы жасаған. Бұл кәсіпорында қатты отынды зымырандарға арналған отын өндіріледі.
Бас штабтың хабарлауынша, шабуыл кезінде Украина әскери-теңіз күштерінің соққы беретін дрондары мен «Нептун» зымыран кешендері қолданылған.
«Дайын өнім сақталатын қоймада өрт шыққан. Бұдан бөлек, өндірістік төрт цех бүлінді» делінген Украина қарулы күштері бас штабының хабарламасында.
Бас штабтың мәліметінше, кәсіпорын «Ураган», «Смерч» және «Торнадо-С» дүркіндете оқ ататын реактивті жүйелердің оқ-дәрілеріне, сондай-ақ басқа да зымыран кешендері мен авиациялық қару-жараққа қажетті қатты зымыран отынын өндіреді.
«Қатты зымыран отынын өндіретін нысандарға жасалған соққы Ресей әскерінің Украина елді мекендерін дүркіндете оқ ататын реактивті жүйелер арқылы атқылау мүмкіндігін төмендетеді» деп мәлімдеді бас штаб.
Әзірге шабуыл туралы ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ. Каменск-Шахтинский қаласында Ресейдің оңтүстігіндегі ең ірі химия кәсіпорындарының бірі саналатын «Каменский комбинаты» федералдық мемлекеттік кәсіпорны орналасқан.
Украина бас штабы нысанның спутниктен түсірілген суретін де жариялады. Кәсіпорын Каменск-Шахтинский қаласының батысында орналасқан.
NASA FIRMS мониторинг қызметінің 30 қазандағы спутниктік картасында кәсіпорыннан сәл оңтүстікке қарай өрт белгісі байқалады. Алайда оның Украина қарулы күштерінің соққысымен байланысы бар-жоғы белгісіз.