Украинаның Қазақстандағы елшілігі Қазақстан жағына қайырылып, өзінің немересін алуға Астанаға барып, ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанскаяны Ресейге бермеуді сұрады. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.
Бұған қоса, украин консулдары Рожанскаяға кіріп шығуға рұқсат сұраған. Алдын ала рұқсат та алған деп айтылады. Дипломаттары украин азаматтарының адвокаттарыемен байланыста отыр.
"Қазақстан тарапы жағдайдың мән-жайын әділ қарастырады және ұсталған Украина азаматының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін жұмыс істейді деп үміттенеміз" деп жазылған Украина сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Қазақстан билігі өзінің немересін Украинаға алып кетпек болған Украина азаматы Любовь Рожанскаяны ұстаған. Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Ресейде оны бала ұрлауға әрекеттенді деп айыптаған.
Insider -дің жазуынша, Рожанская "Ресейде заңсыз тұрып жатқан" балалардың тізімінде бар немересін алып кету үшін Астанаға келген. Ол бұл жөнінде Ресейдегі туыстарымен алдын ала келіскен деп айтылады. Баланың Ресейдегі туыстары баланы ұшаққа отырғызып жібергені жөнінде видео түсіріп жіберген, алайда ақыры ұшпай қалған. Оның себебі жөнінде тек жорамал мен болжам ғана бар.
2021 жылы қарапайым тұрмыстық дау ретінде басталған оқиға саяси іске айналып отыр деп жазды басылым.
2021 жылы баланың анасы Алла Андреева (Сончик) ұлын Ресейдің Калининград облысына алып кеткен, онда ол екінші күйеуі – Ресей азаматымен бірге тұрады. 2022 жылы ол және ұлы Ресей азаматтығын алған.
2025 жылы наурызда Украина Жоғарғы соты баланың әкесінің талап арызы бойынша баланың тұрғылықты жері Одесса деп шешті, онда оның әкесі – Украина азаматы тұрады.
Адвокаттарының сөзінше, 2026 жылы шілдеде Андрееваның екінші күйеуі мен қайын атасы Вячеслав Андреев Рожанскаяға шығып, ұлды беруді сұраған. 27 тамызда тараптар арасында келіссөз болған. Сол кезде Калининград соты ФСБ жергілікті басқармасының өтініші негізінде Рожанскаяны тұтқындау туралы қаулы шығарды. Әйел адам қылмыстық іс жөнінде білмеген.
Адвокат Алексей Прянишников Insider басылымына баланың әкесі әскери адам екенін айтқан. Ресей соты ұлын демалыс кезінде Калининград облысында көруге рұқсат еткен. Прянишниковтың сөзінше, 2023 жылы Ресейде баланы алып кетпек болған Украинаның тағы екі азаматы ұсталған. Оларға да "бала ұрлауға әрекеттенді" деген айып тағылып, ақыры 15-16 жылға сотталды.
Рожанская ұстауды “алдын ала жоспарланған операция” және “ФСБ арандату әрекеті” деп атады.