Реформасы ақсаған Киевтің Еуроодақ көмегінің бір бөлігінен айырылып қалу қаупі бар

Украина үкіметі мен Еурокомиссияның бірлескен отырысы (архивтегі фото)

Киев Ukraine Facility ("Украинаға көмек") бағдарламасының бірнеше шартын орындамағандықтан, Еуропа одағы бөлген қаржылай көмектің қысқаруына алғаш рет тап болуы мүмкін. Мұны Еурокомиссияның жауабына сүйеніп Азат Еуропа/Азаттық радиосының Украин қызметі хабарлады.

"Төртінші және бесінші транштарға қатысты екі қадам уақытылы аяқталмады. Бұл транштарға байланысты қаражат бөлу тоқтатылды, яғни олар әлі төленбеген", деп түсіндірді Еурокомиссия өкілдері.

Төртінші транштан шамамен 300 миллион еуро және бесінші транштан 380 миллион еуродан астам қаражат берілмей қалу қаупі бар. Еурокомиссия шенеунігі журналистерге Украина тарапынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғарғы соттың қызметкерлер санын ұлғайту және судьялар декларациясын тексеру туралы заң қабылдау бойынша алған міндеттемелер орындалмай қалған деп түсіндірді. Киевтің жағдайды түзетуге тиісінше 30 маусымға және 29 қыркүйекке дейін уақыты бар. Егер ол мерзімдерді де өткізіп алса, онда қаражат мүлде берілмей қалуы әбден мүмкін.

Осыған қарамастан, Еурокомиссия өкілдері Ресей бастаған соғысқа байланысты Украина үшін арнайы икемділік тетігі қарастырылғанын айтты және Брюссель Украинадағы реформалар бойынша жалпы прогресті оң бағалайды. Мысалы, 8 маусым күні дәл сол бағдарлама бойынша Украинаға кезекті транш – 2,8 миллиард еуро – бөлу мақұлданды.

Ukraine Facility бағдарламасы 2024 жылдың ақпан айында, Еуроодақ көшбасшылары Украинаға 2024-2027 жылдарға несиелер мен гранттар түрінде 50 миллиард еуроға дейін қаражат бөлуді мақұлдаған соң іске қосылған. Көмек қаражатын бөлу реформаны жүзеге асыруға тікелей байланысты болады деп белгіленген.