Ресейдің Приморск портында дрон шабуылынан кейін жанармай резервуары зақымданып, өрт шықты. Бұл жөнінде Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко хабарлады.
Дрозденконың мәлімдеуінше, бір тәулікке жетпейтін уақытта Ленинград облысында 60-тан астам дрон жойылған. Ресей қорғаныс министрлігі 12 өңір мен Азов теңізі акваториясының үстінде Украинаның 249 ұшқышсыз аппаратын атып түсіргенін хабарлады. «Агентство» басылымының жазуынша, бұл – Ресей Украинаға басып кіргелі облысқа жасалған ең ірі әуе шабуылы (2025 жылғы шілдеде өңірге 51 дрон шабуыл жасаған).
Приморск порты — Ресейдегі ең ірі мұнай құю порттарының бірі. Ол тәулігіне шамамен 1 млн баррель мұнай және 300 мың баррель дизель отынын жөнелтеді. Сондай-ақ оның аумағында екі ірі мұнай базасы орналасқан.
Дрон шабуылы қаупі туралы алғашқы хабарлама тараған 22 наурыздың кешінен бастап Санкт-Петербург маңындағы Пулково әуежайында ұшақ қабылдау мен ұшыруға бірнеше рет шектеу енгізілді. 22 наурыз кештен бері барлығы 100-ге тарта рейс кешіктірілген. Әлеуметтік желіде әуежайдың еденінде жатқан шарасыз жолаушылардың видеосы тарады.
Мәскеу уақытымен 9:00-да Пулково әуежайы қызмет көрсетуді қайта бастады. Ресей әуе транспорты агенттігнің хабарына қарағанда, Псковта ұшуға уақытша шектеу енгізілді, ал Калининградтағы Храброво әуежайына ұшу тоқтатылған.
Сондай-ақ Дрозденконың айтуынша, дрондардың бірі құлаған кезде Выборг ауданындағы Ермилово кенті маңында электр беру желісінің тірегін зақымдаған.
Бұған қоса, Украина қарулы күштерінің мәліметі бойынша, "Башнефть-Уфанефтехим" мұнай өңдеу зауытына зақым келген, оның аумағында өрт болған. Бұл – Ресей қарулы күштерін жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын жер. Ол жылына 6-8 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алады.