Украина Волгоградтағы кәсіпорынға соққы жасады

27 маусымға қараған түні украин әскері Волгоградтағы кәсіпорындардың біріне соққы жасап, соның салдарынан өндіріс нысандары бүлінген. Аймақ басшысы Андрей Бочаровтың айтуынша, бір адам қаза болған, 11 адам зардап шеккен. Тағы бір адам іздестіріліп жатыр.

Губернатор нақты қай кәсіпорынға соққы жасалғанын айтпады, бірақ оның сөзінше, ол Краснооктябрск ауданында орналасқан.

Осы ауданда артиллерия мен ракеталық техника шығаратын кәсіпорын "Титан-Баррикады" ғылыми өндірістік орталығы шоғырланған. ASTRA басылымының OSINT-сарапшылары өрт нақты осы кәсіпорында болғанын анықтаған.

Украина басшысы Владимир Зеленский "Титан-Баррикады" кәсіпорнына шабуыл жасалғанын растады. Оның сөзінше, соққы алысқа ұшатын "Фламинго" қанатты ракетасымен жасалған.

"Бұл артиллериялық жүйелер мен мамандандырылған әскери техника, оның ішінде халқымызға шабуыл жасау үшін қолданылатын зымыран ұшыру қондырғыларына арналған компоненттерді шығаратын ірі өнеркәсіптік кешен. Зауытқа жасалған соққы өртке ұласты" деп жазды Зеленский.

Ресей қорғаныс министрлігі бір түнде 175 украин дроны жойылғанын хабарлады. Онда Волгоград туралы айтылмайды.

Бұған дейін "Титан-Баррикады" кәсіпорнына АҚШ, ЕО, Ұлыбритания мен бірқатар ел санкция салған.