Украинада Нұрлан Сабыровқа қарсы қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды

Нұрлан Сабыров

Украинада ресейлік және қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабыровқа қарсы сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл жөнінде украиналық заңгер Андрей Пронин өзінің телеграм-желісінде хабарлады.

Заңгердің сөзінше, Украина қауіпсіздік қызметі заңгердің шағымынан кейін Сабыровқа қарсы "Басқыншы елге көмектесу" қылмыстық бабы бойынша іс ашқан. Заңгердің айтуынша, алдағы уақытта Нұрлан Сабыровқа іздеу, оның ішінде халықаралық іздеу де жарияланып, экстрадициялау туралы мәселе қозғалуы мүмкін.

Ақпаратқа қарағанда, іс Сабыровтың бұған дейін "вагнерліктерді" қолдап, он мотоцикл жібергеніне қатысты болуы мүмкін.

Украина қауіпсіздік қызметі әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Ресейде Истра қаласының басшысы Татьяна Викушева 2025 жылы жазда жариялаған телеграм-жазбасында Истра ауданында тұратын Сабыров соғысқа 10 мотоцикл жібергенін хабарлаған еді.

"Ресей қаһарманы Ратибордың қарамағындағы "Вагнер Истра Легионы" жауынгерлеріне қуатты 10 питбайк жіберіліп жатыр. Командир, көліктерді қабылдап алыңыз" деп жазды Викушева.

Қазір жазба өшірілген, алайда оның көшірмесі пабликтерде сақталған.

Осы аптада Қазақстан бас прокуратурасы да Сабыровқа қатысты "жалдамалылық" бабы бойынша тексеріс жүргізілетінін хабарлаған еді.

Қазақстан заңнамасы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығысты қаржылай қолдағандар қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Осы аптада кейбір ақпарат құралдары Нұрлан Сабыров украиналық "Миротворец" сайтының дерекқорына енгізілгенін жазды. Бірақ сайттағы дерекке қарағанда Сабыров бұл тізімге 2022 жылы сәуірде енгізілген болуы мүмкін. Сайттың хабарламасында Сабыровтың "Ресей басқыншылығын және Украина азаматтарын өлтіруді жария түрде қолдағаны" жазылған. Онда сонымен бірге Сабыровтың Украинадағы соғыста өлтірілген украин азаматтарына арналған акцияны келемеж еткені туралы хабарламаға да сілтеме қойылған.

  • Биыл 6 ақпанда Нұрлан Сабыров Мәскеудің Внуков әуежайында тоқтатылып, Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынған еді. Әзілкеш Қазақстанға оралып, әлеуметтік желідегі барлық жазбаларын өшіріп, оқиғаға түсініктеме беруден бас тартты. Оның сөзінше, мәселемен заңгерлер мен құзырлы органдар айналысып жатыр.
  • Сабыровтың танысына сүйенген "Важные истории" жазуынша, ФСБ-ның конституциялық құрылысты қорғау мен терроризммен күрес жөніндегі қызмет және оның басшысы Алексей Жало тыйым салған. Бұған әзілкештің қалжыңымен қатар ФСБ-мен әріптестік орнатуға ықылассыздығы түрткі болған.
  • Қазақстан азаматтығы бар Сабыров соның салдарынан Ресейден ықтиярхат ала алмаған деді дереккөз. Әзілкештің танысының айтуынша, Сабыров өзінің "ресейшіл ұстанымын" көрсету үшін екі миллион рубль ақшаны "всё для победы" қорына жіберіп, 10 мотоциклды соғысқа берген. Алайда арнайы қызметтің шешіміне бұл әсер етпеген.