Украина президентінің кеңесшісі Сергей "Флеш" Бескрестнов Carmine Sky компаниясының Blysk атты әуе шабуылынан қорғануға арналған лазерлік қондырғысы алғаш рет соғыс жағдайында сәтті қолданылғанын хабарлады.
"Жақында маңызды инфрақұрылым нысанын қорғауға қойылған жауынгерлік лазер әлемде алғаш рет "Герань" реактивті дронын атып түсірді... Лазерді жаппай өндіру туралы айтуға әлі ерте. Сынақтар жалғасып жатыр, оның барысында лазерлер маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғайды", – деп жазған Бескрестнов атып түсірілген дронның видеосын жариялады.
Бескрестнов әуе шабуылынан қорғанудың лазерлік технологиялары мемлекеттік бағдарлама аясында дамып жатқанын және Украинада бұл бағытта бірнеше компания жұмыс істейтінін айтты.
Carmine Sky туралы не белгілі?
Көктемде Reuters агенттігі өнеркәсіп кәсіпорындарына өз нысандарын күзету үшін әуе шабуылына қарсы жеке қорғаныс бөлімшелерін құруға мүмкіндік беретін бағдарламаға қатысушы компаниялардың бірі – Carmine Sky туралы жазған.
Компания өкілі тосқауыл қоюшы дрондардан бастап ірі калибрлі пулеметтермен жабдықталған автоматтандырылған мұнараларға дейінгі көпдеңгейлі қорғаныс жүйесі жайлы айтқан. Ол бұл жүйенің жергілікті деңгейде мемлекеттік әуе қорғанысына қосымша ретінде жұмыс істейтінін, бірақ Украина әуе күштерінің басқару жүйесіне қосылатынын атап өткен.
Бірнеше күн бұрын BBC арнасы репортажында Carmine Sky компаниясының жұмысы жайлы айтылды. Онда жаңа Blysk лазерлік қондырғысы 2026 жылдың қараша айының басынан бері жауынгерлік кезекшілікте тұрғанын, бірақ лазерлік қарудың жұмысына бұлтты әрі тұманды ауа райы кедергі келтіргендіктен, әзірге қолданылмағанын хабарлаған.
Басылым мәліметінше, Blysk қондырғысының қуаты салыстырмалы түрде төмен – 1 шақырымға дейінгі қашықтағы нысаналардың сыртқы қаптамасын күйдіріп тесіп жоя алады. Шағын FPV-дронды күйдіруге секундқа жетпейтін уақыт кетсе, "Шахед" сияқты ірілеу дрондарға бірнеше секунд қажет болатыны айтылған.
Ресей Украинаның қалалары мен инфрақұрылымына шабуылдау үшін қолданатын арзан әрі жаппай өндірілетін қару – реактивті дрондарға төтеп беру қыс қарсаңында Украина әскерінің басты міндеттерінің біріне айналды.
Қазір реактивті дрондардың жолына тосқауыл болатын дрондар да жасалып жатыр. Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов мұндай дрондар дайын екенін және "прототиптерден алғашқы сериялық үлгілерін өндіру кезеңінде" екенін айтты.