18 тамыз күні Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов Чухуив қаласы маңындағы Печенеги кентіне Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасағанын хабарлады. Кейінгі мәліметтер бойынша, 10 адам қаза тауып, 17 адам жараланған.
Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желіге ресейліктер пошта бөлімшесінің, дүкеннің және тұрғын үйлердің жанындағы адам көп жүретін жол торабына шабуылдағанын жазды. Шабуылдан кейін өрт басталып, кейін сөндірілген.
Украина прокуратурасы Ресей күштері "Бандероль" деп аталатын көлемі шағын екі қанатты зымыранмен таңертеңгі сағат 8:40 шамасында шабуылдаған деп хабарлады.
Ресей жағы бұл шабуылға байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Украина әскерінің әуе күштері сейсенбі күнгі таңертеңгі есебінде Ресей армиясы 18 тамызға қараған түні Украинаға 147 дронмен шабуыл жасағанын, оның 111-ін украин күштері атып түсіргенін хабарлаған.
Харьков облыстық прокуратурасының мәліметі бойынша, Харьков облысының Изюм қаласында ресейліктердің шабуылы салдарынан бес адам (арасында 9 бен 18 жастағы екі ағайынды бар) жараланған. Прокуратура Ресей армиясы дүркіндете ататын "Торнадо-С" реактивті қару жүйесін қолданған дейді. Жиырма жеке үй зақымдалған. Харьковте жанармай құю бекетінің шатыры бүлінген деп хабарлады "Настоящее Время" арнасы.
Ресей күштерінің әуе шабуылы салдарынан Днепропетровск облысының Никополь ауданында 19 жастағы қыз жараланған; бес қабатты ғимаратта және бизнес нысанында өрт шығып, инфрақұрылым мен жүк көлігі зақымдалды деп жазды аймақтық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганжа. Каменск ауданында кәсіпорындар, Кривой Рог ауданында инфрақұрылым және Синельник ауданында жеке үй бүлінген.
Ресей әскері Чернигов облысындағы Корюков ауданын екі рет атқылаған. Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметі бойынша, 59 жастағы әйел жараланып, екі қосалқы ғимарат өртеніп кеткен, жүк көлігі мен комбайн зақымдалып, қойма мен бірнеше тонна жем жойылған.