Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері осы күнге дейін кемінде 105 мыңға жуық ресейлік әскери қызметкер қаза болған. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі мен Медиазонаның еріктілермен бірігіп жүргізген зерттеуінде айтылады.
Зерттеушілер ашық дереккөздер мен әлеуметтік желідегі жазбалар, ресми некрологтар мен биліктің хабарламаларына сүйене отырып, соғыста қаза болған 104 763 ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Бес мыңға жуығы – офицерлер. Адам шығыны бұдан да көп болуы ықтимал.
11 сәуірден бері BBC-дің Орыс қызметі мен Медиазона жариялаған қаза болғандардың саны 2800-ге ұлғайған.
Бұған дейін қаралған және қазір қаралып жатқан мұрагерлік істердің саны және соңғы үш жылдағы ерлер арасындағы артық өлім-жітім туралы деректерге негізделген есептеулерге сүйенген "Медиазона" Ресей армиясының Украинадағы соғыстағы шығыны қазір кемінде 165 мың адам деп түйіндейді.
Әдеттегідей еріктілер арасында адам шығыны (шамамен 26 мың адам немесе қаза болғандардың жалпы санының төрттен бірі) көп. Екінші орында түрме тұтқындары (16,5 мың немесе қаза болғандардың шамамен 16 пайыз) тұр. Үшінші орында – мобилизацияланғандар (12 мың немесе 11,5%)
"Медиазона" өткен аптада Ресей президенті Владимир Путиннің бір тәуліктен астам уақытқа созылған "пасхалық бітім" жариялағанын еске салды. Украина сәйкесінше атысты тоқтататынын айтқан. Бірақ көп ұзамай тараптар бір-бірін атысты тоқтату туралы режимді бұзды деп айыптаған. Некрологтардың кешігіп жариялануына байланысты зерттеушілер әзірге бітім кезіндегі қаза болғандар санын анықтай алмады.