Ресей Украинаның бірнеше өңіріне шабуыл жасады: қаза тауып, зардап шеккендер бар

Ресей күштері шабуылының салдары. Украина, Харьков, 11 қараша, 2026 жыл

Дүйсенбі, 16 қараша күні таңертең Ресей күштері Украинаның Днепр қаласына жасаған шабуылы салдарынан жергілікті тұрғын қаза тауып, тағы үш адам жараланған. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганжа осылай деп хабарлады.

Мұның алдында ресейлік дрондардың Днепрге жасаған шабуылы кезінде бір әйел жараланып, бірнеше көпқабатты тұрғын үй зақымданғаны туралы ақпарат тараған.

Харьков облысында кейінгі бір күнде Ресей күштерінің әуеден жасаған соққыларынан 9 адам зардап шеккен.

Ал Одесса облысы әскери әкімшілігінің дерегінше, ресейлік дрондар бірқатар инфрақұрылым нысандарын зақымдап, өрт шыққан.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері украин аймақтарына әуеден шабуылдаудың арнайы тактикасын қолдана бастады деп мәлімдеді.

"Ресейліктер бір өңірді арнайы нысана ретінде таңдап алып, бірнеше күн бойы барлық соққыны сол аймаққа – желілерге, қосалқы станцияларға және басқаларға жасайды. Қыркүйек айының басынан бері соққы ең көп және дәл тиген нысаналар Днепр облысында тіркелді – 131. Киев облысында – 125, ал Житомир және Сумы облыстарында жүзден астам нысанаға тиген", – деді Зеленский.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина дрондары Қырым көпірі мен Азовтағы мұнай базасына шабуылдады