Жат жұртта "орыс әлемі үшін" соғысып жүр, өз елінде ана тілі жойылуға шақ тұр

Медициналық жедел жәрдем көлігі. Парапино ауылы, Мордовия, Ресей, 26 мамыр 2022 жыл.

Украина тұтқынға түскен ресейлік жауынгерлердің тізімі мен олардың видеосын жиі жариялайды. Солардың бірінен тұтқындар арасында Ресейдің Мордовия өлкесінің тұрғыны Вадим (аты-жөні өзгертілді) бары белгілі болды. Ол туып-өскен Парапино ауылына барған "Idel.Реалии" сайты тілшісі өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті тұрғындардың неліктен Украина жеріндегі соғыста алдыңғы шепте жүргенін біліп қайтты. Вадимнің жерлестері "жас жігіттер әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан әскери қызметке барады" дейді. Ресейдің нұсқасы бойынша, Украина әскерінің қолына түскен мокша халқының өкілі соғысқа орысша сөйлейтін украиндарды "Киевтегі нацистік режимнен" қорғау үшін барған. Бірақ Вадимнің ана тілі мокша тілінің жағдайы орыс тілінің Украинаның оңтүстігі мен шығысында соғыс басталғанға дейінгі ахуалымен салыстырғанда әлдеқайда мүшкіл.

Вадим – "Idel.Реалии" сайты тілшісіне сұхбат беруге келіскен аз тұтқынның бірі. Әскери тұтқын Украина күштерінің қысымына ұшырауы мүмкін екенін ескеріп, журналист Вадимге соғысқа тікелей қатысы жоқ сұрақтар қойып, оның қолға қару алып, әскерге қосылуына не себеп болғанын анықтауға тырысты.

Вадим Мордовияның Парапино елдімекенінде туып-өскен.

Парапино

Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, Парапино елдімекенінде 1514 адам тұрады; халықтың 98 пайызы – мокша ұлтынан. Парапино елдімекендер тізімінде 1869 жылы пайда болған. Ол кезде бұл ауыл Пенза губерниясына қараған. Қазір мұнда шіркеу және төрт дүкен жұмыс істейді.

Мокша – Поволжье республикасын мекендейтін негізгі ұлттардың бірі. Ұлттық білім беру жүйесінде орыс және эрзя тілімен қатар, мокша тілі де мемлекеттік мәртебеге ие. Бірақ әңгіме барысында Вадимнің ана тілін жақсы білмейтіні аңғарылды. Бұл өте маңызды дерек, өйткені Ресей Украинаға басып кіру мақсатын "денацификация", орыс тілінде сөйлейтін жұртты "құтқару" деп түсіндіреді.

– Мокша тілінде аздап сөйлей аламын. Бұл тілді ата-анам ғана біледі, әпкелерім орысша сөйлейді, бірақ ана тілін түсінеді. Тоғызыншы сыныпқа дейін мордва тілі мен әдебиетін оқыдым, – дейді жиырма жастағы тұтқын.

Вадим "Ана тіліңізді неге жетік білмейсіз?" деген сұраққа алыстан орағытып жауап берді.

– Мүмкін маңайымдағылардың бәрі орысша сөйлегеннен шығар. Уақыт өте келе қолданыстан шыққан тіл ұмытыла бастайды екен, – дейді ол.

Вадим жерлестерінің көбі орыс тілінде сөйлеуін "бір тілден екінші тілге көшудің қиындығымен" байланыстырады.

Ол бұған Ресей билігін кінәлайды, мемлекет жергілікті халықтың ана тілін білгенін қаламайды, сондықтан оларға туған жерінде тұрып, орыс тілінде сөйлейтін жағдай қалыптастырып отыр деп есептейді.

"Idel.Реалии" сайты осыған дейін Мордовия билігі халықтың Саранскіде эрзя тілінде оқытатын гимназия салып беру туралы талайдан айтып келе жатқан өтінішіне құлақ аспай отырғанын бірнеше рет жазған. Билік азаматтарға ресми жауап бергенімен, мәселеге қатысты ештеңе айтпайды, тек эрзя және мокша тілдерін дамытуға бағытталған шараларды қайталаумен ғана шектеледі.

Мордовия халқы

2002 жылы Ресейде мордва тобына жататын 843 мыңнан астам азамат болған, олардың 84 мыңнан астамы өзін – эрзямын, 49 мыңы мокшамын деп көрсеткен. 843 мың адамның 614 мыңы ғана ана тілін (не эрзя, не мокша тілдерін) білген.
2010 жылы мордва тобы өкілдерінің жалпы саны 100 мың адамға қысқарып, 744 мыңға дейін азайған. Олардың 57 мыңы – эрзя, 4 мыңы мокша халқының өкілдері болған. Сауалнаманың "тілі" деген тұсына мордва, эрзя және мокша тілдері жеке тіл ретінде көрсетілген. 392 мың адам – мордва тілін, 2 мың адам – мокша тілін, 36 мың адам эрзя тілін білген. Осы деректерге сәйкес, мордва халықтарының 312 мыңнан астам өкілі туған тілін білмейтін болып шыққан.
Ресейде 2010 жылы өткен жалпыұлттық халық санағының қорытындысына сәйкес, Мордовияда тұратын халықтың 53,36 % – орыстар, 40,06 % – мордвалар (эрзя және мокша халықтары), 5,22 % – татарлар, 0,38% – украиндар. 2021 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, Мордовия республикасында барлығы 778 965 адам тұрады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қағазда қалған федерализм

Вадим ауылды жерлерде мокша тілін білетін адамдар әлі де бар болғанымен, қалада ана тілі ұмытылып бара жатқанын айтады.

Ресейлік жауынгер мұның себебін ана тілін мектептегі пән аясында ғана оқытып, мокша халқының өкілдері ғана тұратын ауылдардың өзінде қалған пәндерді орыс тілінде оқытатынымен байланыстырады.

Вадим соғысқа дейін Мәскеудің Киевті елдің оңтүстігі мен шығысындағы орыс тілінде сөйлейтін халыққа қысым көрсетіп отыр деп айыптағанын естімеген.

"Мені негізі әскери жаттығуға жіберген еді" дейді ол.

Вадимнің айтуынша, ол Украинаға барып, соғысқа қатысатынын білмеген, ал Ресей армиясымен келісімшартқа былтыр күзде ғана отырған.

Украина күштерінің қолына түскен соң Вадим жақындарымен байланысуға мүмкіндік алған. Ол туыстарын әскери бөлімшеден келген хабарларға сенбеуге шақырған.

– Кей сарбазды ешқашан әскерде болмағандай, бөлімшедегі есептен шығарып тастапты дегенді естідік, – дейді Вадим Ресейдің деректерді қолдан құрастырып жатқанына назар аударып.

Вадим 2014 жылдан бері туған ауылының әл-ауқаты нашарлап кеткенін айтады. 2014 жылға дейін ауылда әупірімдеп өмір сүріп келген халықтың жағдайы кейінгі жылдары күрт құлдыраған.

– Баға шарықтап шыға келді. Бұрын 1000 рубльге бір себет азық-түлік алатынбыз, қазір бұл ақшаға не келетінін білмеймін. Нан, сүт пен жұмыртқа ғана шығар, – дейді Вадим.

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛ

Қазір Вадим Украинада тұтқында отыр. Оның кей пікірі қысымның салдарынан айтылған болуы мүмкін. Сондықтан "Idel.Реалии" тілшісі Вадимнің туған жеріне барып, Парапино ауылының жағдайын өз көзімен көріп қайтты.

Мордовия астанасына жетіп, автостанцияға бардық. Ары қарай автобуспен Саранскіден 108 километр қашықта орналасқан аудан орталығы – Ковылкиноға жеттік. Ковылкино мокша тілінде Лашма Ош деп аталады.

Автобус жүргізушісі Ковылкинодан Парапиноға таксимен жет деп кеңес берді. Өйткені ауылға баратын ыңғайлы қоғамдық көлік жоқ. Жолға 15-20 минут уақыт пен 150 рубль кетеді.

Такси жүргізушісі "Емші Валентинаға келе жатырсыздар ма?" деп сұрады. Парапинода есімі бүкіл Ресейге мәшһүр бақсы тұратынын, оған елдің түкпір-түкпірінен емделуге адамдар келетінін білдік. Біз де атақты емшімен жүздесу мүмкіндігін жіберіп алмайық деп, Валентинаның үйіне бет алдық.

Ресейдің өлшемімен қарасақ, Парапино үлкен ауылға жатады. Жергілікті биліктің дерегінше, ауылда бір жарым мыңға жуық адам тұрады. Такси жүргізушісі Парапиноға жеткенше шалғайдағы ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы айтып берді.

– Айнала шошқа қора салып тастаған. Тыныстайтын ауа жоқ… Жастар көбіне ақша табу үшін Мәскеуге кетеді. Сол жақта ғана азын-аулақ табыс табуға болады. Барлық жерде солай ғой… Ульяновскідегілер де барады. Ерлер күзет қызметіне немесе құрылысқа жұмысқа тұрады, ал әйелдер дүкенде сатушы болады, – дейді жүргізуші.

Парапинодағы шіркеу. Мордовия өлкесі, Ресей, 26 мамыр 2022 жыл.

Жергілікті халық соғыс туралы айтқысы келмейді. Жүргізуші "Ауылдан Украинаға соғысқа кеткен жігіттер бар ма?" деген сұраққа тура жауап бермеді.

– Сұрамаңыз. Соғыс кімге керек дейсіз, – деді ол.

Осыдан кейін жүргізуші жақ ашқан жоқ. Парапинодағы қызыл қақпалы үйдің алдына жеткенше үнсіз отырдық.

Үйдің жанында қолдан жасалған көлшік бар екен. Қақпа ашық тұр. Бақсының үйінің ауласына гипстен жасалған су перісі, гномдар мен жабайы аңдардың мүсіні қойылған. Көзге тірі жан түспеді. Есіктің жанына тазалық сақтап, бахил кию керегі жөнінде ескерту ілініпті. Бізді көзілдірік киіп, орамал таққан орта жастағы әйел күлімсіреп қарсы алды.

– Кіріңіздер, кіріңіздер, қорықпаңыздар, – деді Валентина.

Ол "Соғыс тезірек аяқталса екен. Одан еш пайда жоқ. Қанша жас қыршын кетіп жатыр. Біздің бір жігітіміз тұтқында отыр" деп әңгімесін бастады.

СОҒЫС ТУРАЛЫ СЫБЫРЛАСУ

Валентина ары қарайғы әңгімесін сыбырлап жалғастырды.

– Екеуін босатып жіберіпті… Біреуінің жағы сынған, ал біздің Парапинодан барған жігіттің бүйрегі істен шығыпты, – дейді Валентина күрсініп. "Оны қайдан білдіңіз?" деген сұраққа бақсы "Ауылда жұрттың бәрі айтып жүр ғой" деп жауап берді.

Ауыл халқының арасында Украинада тұтқынға түскен жауынгерлердің қорлық көріп, азапталып жатқаны туралы қаңқу сөз көп. Валентина бұл әңгімелердің рас екеніне сенеді.

– Бірнеше жыл бұрын 150 километр жерден кекештеніп сөйлейтін баланы емдеуге алып келді. Жақында анасы ұлының жерлеу рәсімінен видео жіберіпті. Соғыстың не қажеті бар еді? Қаза тапқан жауынгердің анасына 9 мамырға медаль беріпті. Онысы несі? Ұлынан айырылған ана медальға қарап отыра ма енді? – дейді емші.

Валентина Парапинодан соғысқа кетіп, тұтқынға түскен жауынгердің анасы мемлекеттік органдарға хат жазып, барлық жерден "Балаңыздың тірі екеніне қуаныңыз. Оралады, күту керек" деген жауап алғанын айтады.

Емші Вадимнің әжесін де таниды екен. Валентина сарбаздың әжесін жақында шіркеуден көріпті. Әзірге Вадимнен еш хабар жоқ. "Күнде тілеуін тілеп отырамын. Дені сау оралса екен" дейді Валентина.

Мордовиядан оралғаннан кейін Вадимнің әжесіне хабарластық.

– Бұл жайлы сөйлескім келмейді. Қазір хабар күтіп отырмыз, жағдай өзгеріп, бәрі түзеліп кетер, – деді Татьяна.

Парапино халқы Вадимнің отбасын жақсы таниды. Жергілікті жұрт көп балалы отбасы туралы "Үйінде төрт бала бар, үнемі ақша жетпейтін" дейді. Олар Вадим соғысқа қаржы тапшылығынан кетті деп ойлайды.

"Тұтқындағы сарбаздың анасы сөз арасында "Осының не керегі бар еді, одан да қара нан жеп отырғанымыз жақсы еді" дегені есімізде" дейді Вадимнің көршілері.

ДЕНАЦИФИКАЦИЯ

Парапино ауылындағы әкімшілік ғимараттардың бірінде мектеп, балабақша, ауыл клубы мен әкімдік орналасқан. Парапино тұрғындарының 98 % – мокша өкілдері екенін мектеп сыртындағы тақтайшадан ғана көруге болады. Мектеп атауы мокша және орыс тілінде қатар жазылған.

Әкімшілік ғимараттың жанынан әлденеге алаңдаулы тұрғындарды көрдік. Екі әйел мокша тілінде асығыс сөйлесіп жатты. Олардың әңгімесінен біреудің жерлеу рәсімі өтіп жатқанын білдік. Әйелдердің бірі ауыл әкімшілігінде жұмысшы болып істейді. Ол бүгін ауылда қатерлі ісікпен ауыратын 72 жастағы ер адам асылып қалғанын, ол кейінгі жылдары жалғыз өзі тұрып келгенін айтты. Осы кезде мектептің жанынан сыртында "Медициналық қызмет. Әйел денсаулығы" деген жазуы бар автобус өтті. Жергілікті тұрғындар кейінгі кезде қаладан ауылға дәрігерлер жиі келгіштеп кеткенін айтып, таңғалысты.

Әкімшілік қызметкерінен "Балалар мокша тілінде сөйлей ме?" деп сұрадық. Ол мектеп директоры орыс әйел екенін, сондықтан жалпыға бірдей білім беру процесіндегі ұлттық мәселе шешілмей тұрғанын айтты.

– Біз өз тілімізде сөйлейміз, ол түсінбейді. Оған біздің мокша тілінде сөйлейтініміз, өзінің жергілікті халықтың тілін түсінбейтіні ұнамайды. Мені жамандап жатыр деп ойлайды. Балалар мектепке барады, енді балабақша да орысша жұмыс істейтін болды. Мұндай ортада ана тілін қалай үйренеді? Мектепте де, үйде де ешкім мокша тілінде сөйлемейді, – дейді ол.

Осы тұста Мәскеудің Украинаның шығысындағы білім беру процесіне украин тілін біртіндеп енгізуді "дискриминация", тіпті "мәжбүрлі ассимиляция" деп атағанын еске сала кету керек. Украинаны осылай айыптаған Ресейде "ассимиляция" деген сөзді қолданудың өзі биліктің қырына ілігуге, ал азаматтық белсенділік құқықтық жауапкершілікке апарып соғуы мүмкін.

ТҮСІНІКСІЗ СОҒЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ САЛДАРЫ

Ауыл әйелдерімен әңгімеде келісімшартпен әскерге алынып, Украинадағы соғысқа жіберілген сарбаздар мәселесін қозғадық. "Естідік. Бізге де поштаға келісімшартпен әскерде істеуге болады деген хат келген. Тура ұлымның туған күнінде келді. Балама көрсеттім, бірақ көңілім тыныш, балаларым әскери қызметке бармайды" деді әйелдердің бірі. Ол тұтқынға түскен сарбазды еске алды.

– Біздің бір жауынгеріміз тұтқында отыр. Әскерге не үшін барады екен осы? Әрине, ақша үшін, – дейді ол сенімді түрде.

Жергілікті халық Ресейдің Украина халқының бір бөлігін "орыс әлеміне қосамыз" деген талпынысын түсінбейді. Көбі "Ресейдің не үшін соғысып жатқанын білмейміз" дейді. Олар мемлекеттік арналардан берілетін ақпарат анық емесін айтады. Мысалы, халық Украина билігін неге үнемі "нацистік режим" деп атайтынын білмейді.

Көшеде кездескен қарт әйел немерелерінің мокша тілін білмейтініне қынжылатынын жеткізді.

– Балаларым ержетіп кетті, немерелерім орысша шүлдірлейді. Мокша тілі жойылып кететін болды. Келінім – орыс, ұлым – мордва. Рузаевкада тұрады, екеуі де орысша сөйлейді. Мокша тілін сақтап қалу керек. Тілімізді ұмытуға болмайды. Мектепте де, балабақшада да орысша оқытады, – дейді ол.

Парапино тұрғыны ауыл жастарына жұмыс табу қиын екенін айтады. "Жұмыс болғанның өзінде жалақысы аз" дейді ол. Ол жас жігіттердің армиямен келісімшартқа отырып, Украинаға соғысқа кетуін осымен байланыстырады. "Отбасын тастап, әскерге кетеді. Ақша үшін бәрі. Көбі пәтер жалдап тұрады, балалары кішкентай" дейді қарт әйел.

Жергілікті халықтың шымбайына бататын тағы бір мәселе – жол. Биыл билік ескерткішке дейін жол салуға уәде берген, бірақ қай ескерткішке дейін екенін нақты айтпаған.

– Жолды қырық бөліп жөндейді, көбіне тесіктерді бекітіп кетеді, болды, – дейді әкімдік қызметкері.

Осынша мәселеге қарамастан жергілікті халық арасында билікке ашық наразылық байқалмайды. Ауыл клубындағылар "депутаттар қолынан келгенін істеп жатыр ғой" дейді.

Ауылда жолдан басқа да мәселе жетіп-артылады. Украинада соғыс басталғалы ауылда азық-түлік қымбаттап кеткен. Дүкендердің бірінде банан – 135 рубль, мандарин – 245 рубль, сүт – 60 рубль, сары май қаптамасы – 150 рубль, жұмыртқа – 80 рубль, нан 30 рубльден сатылып жатыр. Вадимнің 1000 рубльге аса көп нәрсе келмейді дегені рас болып шықты. Парапинода әзірге бұл ақшаға тек нан, сүт пен жұмыртқа ғана сатып алуға болады. Вадим үйіне оралғанға дейін жағдай қалай өзгеретіні тағы белгісіз.

Осыған дейін "Idel.Реалии" сайты Ресей мен Украинада мемлекеттік ұлттық саясат қалай жүзеге асып жатқанын жазған. Украинада аз ұлттардың тілдерінде оқытатын университеттер бар, аз ұлттар өкілдеріне партия құруға рұқсат берілген. Украинаның оңтүстігі мен шығысында соғысқа дейін орыс тілі басымдыққа ие болған. Ресейде 2002 жылғы және 2010 жылғы халық санағы аралығында Поволжьеде ғана емес, Солтүстік Кавказда да ана тілінде сөйлейтін байырғы халықтардың азайғаны байқалған.

Азық-түлік дүкеніндегі көкөніс. Парапино, Мордовия өлкесі, Ресей, 26 мамыр 2022 жыл.

Осыған дейін "Idel.Реалии" сайты Ресей мен Украинада мемлекеттік ұлттық саясат қалай жүзеге асып жатқанын жазған. Украинада аз ұлттардың тілдерінде оқытатын университеттер бар, аз ұлттар өкілдеріне партия құруға рұқсат берілген. Украинаның оңтүстігі мен шығысында соғысқа дейін орыс тілі басымдыққа ие болған. Ресейде 2002 жылғы және 2010 жылғы халық санағы аралығында Поволжьеде ғана емес, Солтүстік Кавказда да ана тілінде сөйлейтін байырғы халықтардың азайғаны байқалған.

"Idel.Реалии" сайты материалынан аударылды.