Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17% деңгейінде белгіледі.
Ведомствоның айтуынша, мұндай шешім инфляцияның баяулап, болжамның жақсаруымен байланысты.
“Жылдық инфляцияның баяулау үрдісі жалғасып келеді: Өткен жылғы қыркүйектегі ең жоғары мән – 12,9%-дан 2,5 пайыздық тармаққа төмендеп, биылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4% болды. Азық-түлік инфляциясы10,7%-ға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен жекелеген импорттық тауарлар бағасы өсімінің баяулауы себеп болды” деп жазылған қаржы реттеуші ведомствоның хабарламасында.
Ұлттық банктің төрағасы жұма күнгі брифинг кезінде базалық мөлшерлеме төмендегенмен теңге әлсіремейтінін айтты.
“Базалық мөлшерлеме төмендеуінің салдарынан теңге әлсірейді деп ойламаймыз. Жалпы алғанда, 17% базалық мөлшерлеме теңгелік активтерге пайдалы. Яғни, адамдарға шетел валютасына қарағанда теңгелік активтерге инвестиция салу әлдеқайда тиімді болмақ. Тиісінше, 1%-ға өсу теңгелік активтердің тартымдылығын өзгертпейді — мейлі депозиттер сияқты базалық актив болсын, корпоративтік облигациялар, үкіметтік немесе квазимемлекеттік қарыз сияқты күрделі активтер болсын” деді Сүлейменов.
Ұлттық банк өкілдері теңгелік активтерге сұраныс бұрынғы деңгейде болады, сәйкесінше курста қатты ауытқу болмайды деп санайды.
Соңғы рет Ұлттық банк 2024 жылы шілдеде базалық мөлшерлемені 14,50-ден 14,25-ке азайтқан еді. 2025 жылы қаңтарда – 15,25, сол жылы наурызда инфляциялық тәуекелдердің артуына байланысты 16,5 пайыз болды.
Былтыр қазанда Ұлтық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін бірден көтерген. Ведомство мұны инфляцияны тежеу қадамы ретінде түсіндірді. Осылайша екі жылда алғаш рет базалық мөлшерлемені азайтып отыр.
Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді.