Орталық Азия мемлекеттері жыл сайын ондаған тонна алтын өндіреді. Әр елдің өз алтын кен орындары бар, ал Қазақстан мен Өзбекстан алтын қорының көлемі бойынша әлемдегі жиырма елдің қатарына кіреді. Кейінгі жылдары бағалы металдың қымбаттауына байланысты көптеген ел алтын қорын арттырып жатыр. Орталық Азия елдері де соған көшті. Мұның себебі неде? Батыс санкциясына ұшыраған Ресей шектеулерді айналып өту үшін Орталық Азия елдерін пайдаланған жоқ па? Азаттық Азия редакциясы осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Алтын – әлемдегі ең құнды әрі өтімді металдардың бірі. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан кеніштерінде осы алтынның ондаған тоннасы өндіріледі. Кейбір елдер оны алтын қорына айналдырады, енді бірі экспорттайды. Басқа елдер үшін алтын экспорттан түсетін табыстың негізгі көздерінің біріне айналған.
Ал кеніш пен құйылған алтын құймасының арасында аффинаж зауыттары, мемлекеттік банктер, трейдерлер мен делдалдардан тұратын үлкен жүйе бар.
Алтынның жолы кен орнынан басталады. Өндірілген кеннің бір тоннасында бағалы металдың небәрі бірнеше грамы болуы мүмкін. Кен ұсақталып, өңделеді де, алтын басқа жыныстардан ажыратылады. Алынған өнім балқытып, доре қорытпасына айналдырылады. Бұл – алтын, күміс және басқа да қоспалардың құйма. Одан кейін аффинаж жасалады: алтын жоғары сынамаға дейін тазартылады. Содан соң ол нарыққа түсіп, банктерге, орталық банктерге, трейдерлерге, зергерлерге, өнеркәсіптік компаниялар мен инвесторларға сатылады.
Қазақстан: өндіру, өңдеу және қор жинау
Қазақстан – аймақтағы негізгі алтын өндірушілердің бірі. World Gold Council деректеріне сәйкес, 2025 жылы бұл ел 82 тоннадан астам алтын өндіріп, әлем бойынша 14-орын алған.
Мұнда алтынды өнеркәсіп кешені деңгейінде өндіреді. Алайда елде өндірілген алтынның едәуір бөлігін мемлекет сатып алады. Мемлекетте ел аумағында өндірілген алтынды сатып алуға басым құқығы бар. Бұл саясат 2011 жылы алтын-валюта резервтерін толықтыру үшін енгізілген.
"Ұлттық Банкке аффинаждалған алтынды міндетті сату туралы 2011 жылы енгізілген норма Қазақстанның алтын-валюта резервтерін толықтыруда және алтын өндіру саласын дамытуда маңызды қадам бола отырып, едәуір оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бағдарламаның бастапқы мақсаты қазіргі кезде орындалды. Мәселен, алтын-валюта резервтерінің мөлшері 2024 жылдың соңына қарай тарихи ең жоғары көрсеткіш – 45,8 млрд долларға жетті. Елде аффинаждалған алтын құймаларын өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Бұл жаңа компанияларға халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік берді" деді былтыр Ұлттық банк сайтындағы мәлімдемесінде.
Ақмола облысындағы алтын зауытында жұмысшы алтынды қалыптан шығарып жатыр.
Қазақстан қазір де мемлекеттік алтын қорын ұлғайтып келеді. 2025 жылы Ұлттық банк алтын резервін бірден 57 тоннаға арттырды. 1993 жылдан кейінгі ашық статистика бойынша, бұл – бір жылда сатып алынған алтынның рекордтық көлемі.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр елде шамамен 127 тонна өңделмеген алтын және 71 тонна аффинаждалған, яғни қоспалардан тазартылған алтын өндірілген. Монетарлық алтын қоры 368 тоннадан асқан. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 16-орында.
"Алтын өндірісі – Қазақстан мақтан тұта алатын салалардың бірі. Қазақстан алтын өндіру көлемін бірнеше есе арттырды" дейді тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.
Өзбекстан Орталық Азияда көш бастап тұр
Өзбекстан да Орталық Азиядағы әрі әлемдегі ірі алтын өндірушілердің бірі саналады. World Gold Council мәліметіне қарағанда, 2025 жылы бұл ел шамамен 125 тонна алтын өндіріп, әлемдегі үздік он өндірушінің қатарына кірді.
Алтын өндірісіндегі негізгі мекеме – "Науаи тау-кен металлургия компаниясы" немесе NMMC. Бұл – мемлекеттік компания. Биылғы алғашқы жартыжылдықта компания алтынның 1,5 миллионнан астам троя унциясын өндірді – бұл шамамен 47 тонна.
Компанияның негізгі активі — Мұрынтау кеніші. Ол әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Жалпы компанияның құрамына 12 ірі кен орны, жеті кәсіпорын және үйінді шаймалау бойынша екі кешен кіреді.
Өзбекстанда табылған саф алтын
NMMC әлі де мемлекет бақылауында. Өзбекстан бұл саланы біртіндеп реформалап, ішінара жекешелендіруге дайындалып жатыр. Алайда ең ірі алтын өндіру активтері әзірге мемлекеттік меншікте. 2025–2026 жылдары NMMC акцияларының бір бөлігін халықаралық нарықта орналастыру мүмкіндігі талқыланған.
Өзбекстанның халықаралық резервтерінде алтынның үлесі жоғары. 2026 жылғы тамызда құнды металдың үлесі 87 пайыз болған. Монетарлық алтын қоры бойынша Өзбекстан Қазақстаннан алда: Ташкент 431 тоннадан астам алтын жинаған және қор көлемі бойынша әлемде 14-орында, ал Орталық Азияда бірінші орында тұр.
"Алтын – жақсы кепілдік. Оны сату міндетті емес. Қолыңызда алтын болса, сізге ақша береді. Сіз бар болғаны облигация шығарып: "Жертөлемде құймалар бар, соларды кепіл ретінде есепке алып ақша бер" деп айтасыз. Сізге ақшаны береді де, ал алтынды сатпай-ақ сол ақшаны жарата аласыз. Өйткені қазір алтынды сатпауға тырысады. Барлық болжам оның бағасы әрі қарай да өсетінін көрсетіп отыр. Бұған жаһандық шиеленіс, Трамп және басқа да факторлар әсер етіп отыр" дейді Андрей Чеботарев.
Қырғызстанның ең маңызды кен орны: Құмтөр
Қырғызстан алтын өндіру көлемі жағынан Қазақстан мен Өзбекстаннан айтарлықтай артта қалған. Бірақ ел экономикасы үшін алтынның маңызы өте зор.
Алтынның негізгі көзі – Құмтөр кеніші. Бұл елдегі ең ірі алтын кеніші саналады. 2025 жылы онда 12 тонна алтын өндірген. Ал компания одан 1,5 млрд долларға жуық ақша тапқан. Kumtor Gold Company компаниясының өз дерегінше, Қырғызстанның тауар және қызмет экспортының үштен бірі осы кеніштің үлесінде.
"Компанияның 2025 жылғы кірісі 1 млрд 434 млн АҚШ доллары болды, ал таза пайдасы 706 млн доллардан асты. Бюджетке салықтар мен басқа да төлемдер түрінде 246,5 млн доллар аударылды. Сондай-ақ 300 млн доллар көлемінде дивиденд төлеу туралы шешім қабылданды" деді Kumtor Gold Company өз сайтында.
Қырғызстандағы "Құмтөр" алтын кеніші
2022 жылы Құмтөр мемлекет меншігіне өтті. Осыдан соң бұрынғы жүйе толықтай өзгерді. Кеніш алтынды өзі экспорттамайды: сол жерде өндірілген доре құймаларын мемлекеттік "Қырғызалтын" компаниясы сатып алып, кейін металды Қара-Балтадағы аффинаж зауытына жібереді. Тазартылғаннан кейін алтынның сынамасы 999,9-ға жетеді. Ел ішінде және шетелде аффинаждалған алтынды сатуға айрықша құқық "Қырғызалтынға" тиесілі.
"2025 жылдың қорытындысы бойынша "Қырғызалтын" ААҚ-ның кірісі 20,7 млрд сом, ал таза пайдасы 18,7 млрд сом болған. 2024 жылмен салыстырғанда пайда 9 пайызға өсті. Бұл компания үшін кезекті рекордтық көрсеткіш болды. Акционерлер жиналысының қорытындысы бойынша алынған пайданың 100 пайызын мемлекеттік бюджетке дивиденд ретінде аудару туралы шешім қабылданды" деп хабарлады "Қырғызалтын".
Қырғызстанның Ұлттық банкі мен министрлер кабинетінің ел ішінде өндірілген алтынды сатып алуға айрықша құқығы бар. Ұлттық банк алтын-валюта резервтерін толықтыру үшін елдегі өндірушілерден алтынды тұрақты түрде сатып алатынын хабарлады.
Бұл активтердің көлемі де айтарлықтай артқан. 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Қырғызстан Ұлттық банкінің балансында құны шамамен 6,3 млрд доллар болатын монетарлық алтын болды. Бұдан бөлек, баланста құны шамамен 1,2 млрд доллар болатын монетарлық емес алтын есепте тұрды. World Gold Council бағалауынша, Қырғызстан 49 тонна алтын жинаған (2026 жылдың екінші тоқсанындағы жағдай бойынша).
Тәжікстандағы "Зарафшон"
Тәжікстанның ең ірі алтын өндірушісі – "Зарафшон" кәсіпорны. Кәсіпорын Соғды облысындағы Жилау және Тарор кен орындарында жұмыс істейді.
Былтыр кәсіпорын акциясының 59 пайызы қытайлық Zijin Mining компаниясына өтті, қалғаны тәжікстандық тараптың меншігінде.
2025 жылы "Зарафшон" 6,1 тонна алтын өндірген. Компанияның жылына 6,5 тоннаға дейін алтын балқыта алатын өз өндірісі бар.
Алтын кенін өңдейтін зауыт. Пенжикент, Тәжікстан.
Тәжікстанда өндірілген алтынды едәуір көлемде Ұлттық банк сатып алады. Сатып алынған металл кейін екінші рет аффинаждан өту үшін Швейцарияға жіберілуі мүмкін. Бұл оны монетарлық алтын стандарттарына жеткізіп, халықаралық резервтер құрамына қосу үшін қажет.
Былтыр Тәжікстан Ұлттық банкінің төрағасы елдің халықаралық резервтеріндегі алтынның үлесі 20 пайызға жеткенін хабарлады.
World Gold Council елдің алтын қорын 7,4 тонна деп бағалайды.
Түрікменстан алтын өндіру картасында әзірге "ақтаңдақ" болып қалып отыр: алтын өндіру мен қоры туралы қолжетімді ресми дерек жоқ. Ел экспорты негізінен мұнай мен газдан тұрады.
Сауда статистикасындағы аномалия
"2022 жылға дейін алтынның бағасы өскен жоқ, тіпті төмендеген кездер де болды. Әлемдегі банктер алтынды өткеннің еншісінде қалған дүние деп санады. Валюта бәріне жетеді деп ойлады. 2022 жыл және Ресейдің алтын-валюта резервтерінің бұғатталуы көптеген банктің көзін ашты: олар валюта резервтері де бұғатталуы мүмкін екенін түсінді. Ал жертөледегі алтын – жертөледегі алтын болып қала береді. Оны әрқашан сата аласыз. Сондықтан 2022 жылдан бастап алтын бағасы өсе бастады. Бұған әлемнің орталық банктерінің қайтадан алтын сатып ала бастауы түрткі болды. Бұл оның бағасын күрт көтерді. Бағасы өсіп жатқандықтан, қалғандарының бәрі де алтынға назар аудара бастады және бұл үрдіс әлі жалғасып келеді" дейді Андрей Чеботарев.
Қазір орталық банктер жаһандық инфляция мен геосаяси шиеленіс жағдайында алтынды сатуға емес, жинақтауға тырысып жатыр. Кейінгі бес жылда металл бағасы үш есеге жуық өсті: 2021 жылы алтынның орташа бағасы бір унция үшін 1798 доллар болса, 2026 жылғы тамызда баға 4598 долларға жетті. Алайда баға күрт өскенге дейін алтын өндірушілер оны белсенді түрде сатып отырған.
Көрнекі сурет
Швейцариялық журналист-зерттеушілер 2024 жылы сауда статистикасындағы аномалия туралы жазды. SWI swissinfo.ch басылымы Батыс Ресейге қарсы санкциялар енгізгеннен кейін Қазақстан мен Өзбекстаннан Ұлыбритания мен Швейцарияға алтын жеткізу көлемінің қатты өскеніне назар аударды.
Жекелеген кезеңдердегі сауда көлемін Қазақстан мен Өзбекстандағы алтын өндірісінің артуымен түсіндіру қиын.
"Қазақстан мен Өзбекстаннан алтын жеткізу көлемі айтарлықтай өскен. 2023 жылы Өзбекстаннан жалпы 130 тонна алтын (7,3 млрд швейцар франкіне немесе 8,54 млрд долларға тең) жоғары тазартылған алтын құймалары түрінде келген. Оның 100 тоннасы Өзбекстаннан тікелей, ал 30 тоннасы Ұлыбритания арқылы жеткізілген. Бұл мәліметтерді Федералдық кеден және шекара қауіпсіздігі басқармасы (FOCBS) келтіреді. Бұл әлемдегі ең ірі алтын сауда орталықтарының бірі саналатын Біріккен Араб Әмірліктерінен (150 тонна) импортталған көлеммен шамалас. Сол жылы Қазақстаннан 59 тонна алтын құймасы (3,3 млрд швейцар франкіне тең) келді. Оның 58 тоннасы Ұлыбритания арқылы, бір тоннасы Қырғызстан арқылы жеткізілді" делінген SWI swissinfo.ch зерттеуінде.
Бұдан осы алтынның бәрі Орталық Азияда өндірілген бе деген сұрақ туады.
Швейцариялық басылым сөйлескен сарапшылар бұл көлемнің бір бөлігі Ресей экспортының үшінші елдер арқылы қайта бағытталуымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқан. Ресейдің алтын өндіру көлемі, экспорт көрсеткіштері және көршілерімен тығыз экономикалық байланыстары Орталық Азия нарығына тікелей әсер етеді.
"SWI swissinfo.ch сауда көрсеткіштерін зерттеуге алты ай жұмсап, алтын өндіру өнеркәсібіндегі жиырмадан астам ұлттық және халықаралық сарапшымен сөйлесті. Олардың арасында дерек жеткізушілер, қаржы институттары, тәуекелдерді талдаушылар, алтынды аффинаждау мамандары және реттеушілер болды. Олардың көпшілігі бұл импорт ағындарын сатып алушылар үшін құқықтық және этикалық қауіп-қатермен байланысты деп санайтынын айтты. Өйткені олар халықаралық санкцияларды бұзып, сатып алушылардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін" деп жазды зерттеушілер.
Маңызды жайт: зерттеушілер алтынның нақты партияларының шығу тегін және нақты схемаларды анықтаған жоқ. Олар бар болғаны Өзбекстан мен Қазақстан Ресейдің әскери машинасын қаржыландыруға көмектесу үшін санкцияларды айналып өту мақсатында пайдаланылуы мүмкін деген алаңдаушылық туралы жазды. Бірақ бұл алтынның бір бөлігі Ресейден шыққан деп біржақты айтуға болмайды.
Азаттық Азия Швейцария зерттеушілерінің болжамдарына түсініктеме беруін сұрап, Қазақстан Ұлттық банкі мен Өзбекстан Орталық банкіне сауал жолдады. Материал жарияланғанға дейін жауаптар келіп түскен жоқ.
Бұл күдік Орталық Азияға қандай қауіп төндіруі мүмкін?
Алтын құнды әрі өтімді актив болып қала береді. Алайда оны халықаралық деңгейде саудалау үшін металдың шығу тегі, жеткізу тізбегінің ашықтығы және нарық қатысушыларының сенімі аса маңызды.
Егер халықаралық реттеушілер шикізаттың шығу тегіне немесе белгілі бір кәсіпорынға қатысты сұрақ қойса, бұл алтынның ірі нарықтарға шығуын шектеуі мүмкін.
Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін Ресейдің алты аффинаж кәсіпорнының Good Delivery мәртебесі тоқтатылды.
Алтын нарығы үшін бұл мәртебенің маңызы өте зор: ол әлемдегі ең ірі алтын нарықтарының бірі – британ нарығының стандарттарына сәйкестікті растайды. Мәртебеден айырылу алтынды мүлде сатуға болмайды дегенді білдірмейді, бірақ сатып алушылар шеңберін айтарлықтай тарылтып, шығындарды көбейтеді.
Мұндай жағдайда өндірушілерге балама нарықтар мен өткізу арналарының жолын іздеуге тура келеді.