Ұлттық банк жұртқа жалған ақшадан сақ болуды ескертті

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жартысында 57 жалған қағаз ақша мен монеталар анықталған, олардың жиынтық сомасы 259 мың теңгеден асады. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 68 пайызға аз деп хабарлады 22 шілде күні Қазақстанның Ұлттық банкі.

Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта жалған ақшалар арасында әсіресе 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар жиі кездесетіні айтылған.

Банк бұған қоса әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бетінде орысша "Празднуем вместе!" және "Не является платежным средством" деген жазуы бар сувенир ретінде жасалған купюралар тарап жатқанын, сырттай қарағанда олар кәдімгі ақшаға қатты ұқсайтынын ескерткен.

Қазақстанның қылмыстық кодексінде жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу іс-әрекетінің ауырлығына байланысты, қылмыскердің мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.