"Ұлттық қауіпсіздікке" байланысты шетел тілшілерін аккредитациядан айыруы мүмкін

Қазақстанда шетелдік БАҚ-тың өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі қатаңдатылып, сыртқы істер министрлігінің бақылауы күшейтіледі.

Шетел редакцияларының өкілдіктері енді сыртқы істер министрлігіне жыл сайын өз жұмысы туралы, соның ішінде жариялаған материалдарының тақырыптары жөнінде есеп беріп отырады. Тиісті өзгеріс сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің 2026 жылғы 15 қазандағы № 11-1-4/573 бұйрығымен енгізілген. Бұл жөнінде алғашқылардың бірі болып Exclusive басылымы жазды.

Бұйрық әділет министрлігінде 19 қазанда тіркелген (№ 40198). Ол алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап он күннен соң күшіне енеді. Құқықтық актілер базасындағы мәліметке сәйкес, құжат 22 қазанда жарияланған. Демек, бұйрық шамамен 2 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұйрыққа сәйкес, Қазақстан сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздік мүддесіне" байланысты шетелдік БАҚ өкілдеріне аккредитация бермеуі мүмкін немесе берілген аккредитацияны қайтаруы ықтимал.

2024 жылы қабылданған даулы "Масс-медиа туралы" заң сыртқы істер министрлігіне шетелдік БАҚ-ты аккредиттеуден бас тарту құқығын берген еді. Енді жаңа бұйрық бас тарту негіздерінің қатарына ұлттық қауіпсіздік мүдделерін нақты енгізіп отыр. Алайда бұйрықта ұлттық қауіпсіздікке қатысты нақты өлшемдер көрсетілмеген.

Өзгеріске сәйкес, енді шетелдік БАҚ өкілдігінің аккредитациясы екі жылға беріледі. Бұған дейін оның мерзімі бес жыл болған. Одан бөлек, өкілдік жыл сайын 30 қаңтардан кешіктірмей өткен жылдағы жұмысы туралы ақпаратты сыртқы істер министрлігіне тапсыруы керек. Есепте журналист туралы мәліметтер, әр формат бойынша жарияланған материалдар саны және негізгі тақырыптар көрсетіледі. Сонымен бірге ең маңызды материалдардың көшірмелері қоса беріледі.

Аккредитация берілмеген немесе қайтарып алынған жағдайда құжаттарды қайта тапсыруға тек бір жылдан кейін ғана рұқсат етіледі. Осы мерзім аяқталмай тұрып өтініш беру де бас тартуға негіз болады.

Ережелерге «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға сілтеме қосылған. Бұйрық Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілген.

  • Қазақстан заңы бойынша, шетелдік журналистер ел аумағында жұмыс істеу үшін сыртқы істер министрлігінен аккредитация алуы шарт, онсыз жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұрын шетелдік БАҚ тілшілеріне аккредитация картасын екі жылға беріп келген сыртқы істер министрлігі 2024 жылдан бастап бұл мерзімді алты айға дейін қысқартқан.
  • Биыл сәуірде Адам құқығын және баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын халықаралық алты ұйым елде тәуелсіз журналистерді қылмыстық қудалау күшейгеніне байланысты қатты алаңдап отырғанын мәлімдеп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олардың айтуынша, бұл үрдіс Қазақстан қоғамында үрей мен өзін-өзі цензуралау ахуалын қалыптастырып, президент Тоқаев жариялаған реформа бағдарламасының беделіне нұқсан келтіреді. Халықаралық ұйымдар Қазақстан басшылығынан құқықтық реформа мен сөз бостандығы жөніндегі уәделерін нақты әрекетпен дәлелдеуді талап еткен. Үндеуге Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Норвегия Хельсинки комитеті, Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights), Азаматтық құқық қорғаушылар (Civil Rights Defenders), Халықаралық баспасөз институты (International Press Institute) және Еуразия үшін бостандық (Freedom for Eurasia)қол қойған.
  • Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі болған (қазір Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары) Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы халықаралық ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген.