Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті стендап-комик Нұрлан Сабыровқа қатысты тексеріс аяқталғанын хабарлады. Бұған дейін ҰҚК Қылмыстық кодекстің жалдамалылық бабы бойынша тексеріс бастаған еді.
"Тексерістің қорытындысы бойынша, құқық бұзушылық анықталмағанын хабарлаймыз" деп жауап берді ведомство Tengrinews агенттігіне жіберген жазбаша жауабында.
Тексеріс бастауға белсенді Марат Тұрымбетовтің Қазақстанның Бас прокуратурасына берген арызы түрткі болған. Арызда Сабыров "Легион Вагнер Истра" деп аталатын әскери бөлімшеге 10 мотоцикл табыс еткені түсірілген видео жайлы айтылған. Ол видео былтыр жазда Ресейдің Истра қаласының басшысы Татьяна Викушеваның Telegram-арнасында жарияланған. Қазір ол пост өшірілгенімен, оның көшірмесі бірнеше пабликте сақталып қалған.
Украинада да Сабыровқа қарсы сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын украиналық заңгер Андрей Пронин өз телеграм-желісінде хабарлаған. Заңгердің сөзінше, Украина қауіпсіздік қызметі заңгердің шағымынан кейін Сабыровқа қарсы "Басқыншы елге көмектесу" қылмыстық бабы бойынша іс ашқан.
Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі жалдамалылық туралы бапта кінәлі деп танылған адамды жеті жылдан 12 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Казахстанка Анастасия Миллер бойкотирует концерт российского стендап-комика Нурлана Сабурова
- Биыл 6 ақпанда Нұрлан Сабыров Мәскеудің Внуков әуежайында тоқтатылып, Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынған еді. Әзілкеш Қазақстанға оралып, әлеуметтік желідегі барлық жазбасын өшіріп, оқиғаға түсініктеме беруге келіспеді. Ол бұл мәселемен заңгерлер мен құзырлы органдар айналысып жатыр деді.
- Сабыровтың танысына сүйенген "Важные истории" жазуынша, Ресейдің федерациялық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) конституциялық құрылысты қорғау мен терроризммен күрес жөніндегі қызметі және оның басшысы Алексей Жало тыйым салған. Бұған әзілкештің қалжыңымен қатар ФСБ-мен әріптес болуға ықылас танытпауы түрткі болған.
- Қазақстан азаматы Нұрлан Сабыров соның салдарынан Ресейден ықтиярхат ала алмаған деген дереккөз. Әзілкештің танысының айтуынша, Сабыров өзінің "ресейшіл ұстанымын" көрсету үшін "Всё для победы" қорына екі миллион рубль ақша аударып, соғыста жүргендерге 10 мотоцикль берген. Алайда арнайы қызметтің шешіміне бұл әсер етпеген.