Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитеті Қырғызстан және Қытай азаматтарының "жаппай некеге тұрып жатқаны" туралы ақпаратты терістеді.
Арнайы қызметтің мәліметінше, 2020 жылдан бері осындай 129 неке тіркелген.
"Оның айтарлықтай бөлігі Қытай азаматы болып саналатын ұйғыр, дүнген және басқа да этникалық топтардың өкілдерімен жасалған" деді ҰҚМК.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, осындай 44 жұп Қытайға кеткен.
ҰҚМК өкілдері бұл процесс Қырғызстанның жалпы демографиялық ахуалына әсер етпейтінін айтып, "ұлттық, діни, этникалық, нәсілдік алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге" қылмыстық жауапкершілік барын ескертті.
15 қарашада Қырғызстанның Шу облысы Константиновка ауылы маңында жергілікті тұрғындар мен Қытай азаматтары арасында төбелес болған. «Чайна-Роуд» және «Чжунзцы» компаниясының жүргізушілері құм-тас тасымалдау кезінде жолға таласып, содан жанжал шыққан.
Зардап шеккендердің бірі 20 жастағы Бішкек тұрғыны бассүйек жарақатымен ауруханаға түскен. Милиция 44 адамды ұстады. Төбелестен кейін ұсталған Қытай азаматтары 2026 жылдың 15 қаңтарына дейін қамалған.
Осы оқиғадан кейін Қырғызстандағы желілерде Қытайға қарсы көңіл-күй өршіп, елдегі Қытай азаматтарының санына қатысты түрлі қауіп айтыла бастаған.
Билік "мұндай көңіл-күйді арандатушылар пайдаланып кетуі мүмкін" деп ескертіп, азаматтарды сабырға шақырған.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Қамшыбек Ташиев өткен айда Қытай азаматтары санының көбеюіне байланысты пікірін айтты. Ол Қытай азаматтарының елге ірі жобаларға бола келгенін және олардың саны бақылауда екенін жеткізді.
"Қоғамда Қытай азаматтары тым көбейіп кетті деген пікір айтылып жатыр. Иә, олардың саны көбейді. Бірақ олардың бір бөлігі туристік визамен, бір бөлігі іскерлік визамен келген. Олар тиісті тіркеуде тұр. Біз Қытай азаматтарын тартуға мәжбүрміз" деді арнайы қызмет өкілдері.