Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) әлі де мүше, бірақ қатарынан үшінші жыл мүшелік жарнасын төлемей отыр. Бұл туралы 21 қазанда ұйымның бас хатшысы Талатбек Масадықов мәлімдеді. Оның сөзінен ТАСС агенттігі үзінді келтіреді.
Бас хатшының айтуынша, Арменияның ұйымға мүшелігі бойынша түпкілікті шешімді Армения билігі мен халқы қабылдауы керек.
«Уақыт өтіп жатыр, жұрт өз ұстанымдарын қайта қарастырады, әлемде жағдай да өзгеріп келеді. Армения басшылығы мен халқы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында қалу немесе одан шығу жөнінде дұрыс шешімді өздері қабылдайды деп ойлаймын» деді Масадықов.
Ереван мен ҰҚШҰ арасындағы қарым-қатынас Армения мен Әзербайжан күштері арасындағы қарулы қақтығыстан кейін нашарлады. Армения ҰҚШҰ-ны өз міндеттемелерін орындамады деп айыптады.
2022 жылғы қарашада Армения премьер-министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ саммитінің қорытынды декларациясына қол қоюдан бас тартып, одақтастарынан Әзербайжан әрекетіне саяси баға беруді талап етті.
Бір жылдан кейін Пашинян Минскіде өткен ҰҚШҰ саммитіне қатыспады. Ал 2024 жылғы ақпанда Арменияның ұйымға қатысуын тоқтататынын жариялады. Оның айтуынша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік тетіктері іске қосылмаған.
2024 жылы желтоқсанда Армения премьер-министрі Ереван мен ҰҚШҰ арасындағы қарым-қатынас «қайта қалпына келмес межеден» өткенін мәлімдеді. Ол Армения өзін іс жүзінде ұйымнан тыс ел деп санайтынын және ҰҚШҰ шешімдерін қабылдауға қатыспайды деп айтқан.
Ереван мен Мәскеу арасындағы қайшылық 2026 жылғы 1 сәуірде Пашинянның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде де байқалды. Сол кезде Путин Арменияда өтетін парламент сайлауына қатысты пікір білдіріп, оған барлық саяси күш, соның ішінде Ресейге жақтас партиялар да қатысса деген тілек білдірген еді.
Бұған жауап ретінде Пашинян Арменияның демократиялық мемлекет екенін, онда саяси бәсекелестік қалыпты құбылыс саналатынын және әлеуметтік желілердің толық еркін екенін алға тартты. Сол кездесуде ол ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік тетіктері жұмыс істемегенін тағы да атап өтті.
2026 жылғы тамызда Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-дан шығарылуына қарсы болмайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге алдағы бес жылда Ереванда ұйым жұмысына белсенді қатысу жоспары жоғын айтты.
Армения ҰҚШҰ жұмысына іс жүзінде қатыспай, мүшелік жарнасын төлеуден бас тартқанымен, ұйымнан ресми түрде шыққан жоқ. Қазір әскери-саяси блокқа Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан да мүше.