Оралдық белсенді жемқорлыққа қарсы пикет өткізді

Жалғыз кісілік пикетке шыққан Бауыржан Әліпқалиев. Орал, Батыс Қазақстан облысы. 7 қараша, 2020 жыл.

Жергілікті әкімшілік бейбіт митинг ұйымдастыруға рұқсат бермеген соң оралдық азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиев жалғыз кісілік пикет өткізді. Жергілікті органның бұл шешімін ол "жемқорлықтың белгісі" деп атады.

Белсенді қолына "Жемқорлық пен диктатура жойылсын! Бізде таңдау бар!" деп жазылған плакат ұстап шықты.

– Бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеуінің өзі [биліктің] барлық деңгейінде жемқорлық бар екенін білдіреді. Неге елдің бас санитарлық дәрігері енгізген санитарлық нормаларға сүйеніп, біздің шара өткізуімізге рұқсат бермейді де, Алматыдағы белсенділерге рұқсат береді?! Мұның бәрін жемқорлықтың белгісі деп санаймын, – деді Әліпқалиев.

Пикет болған жерге оншақты адам келіп, болған жайтты фото, видеоға түсірді.

Пикет кезінде Әліпқалиев жолға шығып, Назарбаев даңғылындағы жаяулар жолымен әрі-бері өтті.

– Әкімдікті сотқа бердік. Әкімдіктің бейбіт шара өткізуге рұқсат бермеуі заңсыз екенін дәлелдегіміз келеді, – деді Әліпқалиев.

Белсенділердің сотқа талап арыз жазуына көмектескен Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық ұйым филиалының директоры Павел Кочетковтың айтуынша, арыз сот қарауында жатыр. Заң бойынша бұған бес жұмыс күні берілген.

Бұдан бір күн бұрын жалғыз кісілік пикетке Бекболат Өтебаев шыққан. Ол, Әліпқалиев және басқа белсенділер соңғы екі айда митинг өткізуді сұрап Орал әкімдігіне төрт өтініш берген, бірақ ешқайсында рұқсат ала алмаған. Алдымен бұған құжаттардың дұрыс толтырылмауы себеп болса, соңғы екі өтінішке әкімдіктегілер "елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес көп кісі қатысатын шара ұйымдастыруға болмайды" деп жауап берген.

31 қазанда Алматыда құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов ұйымдастырған наразылық шарасы өтті, бұл жиынды өткізуге қала әкімдігі келісім берген.

Азаматтық митинг, шеру және басқа да шараларды өткізу тәртібін реттейтін жаңа заң биыл мамырда қабылданған. Оны әлемнің белді құқық қорғау ұйымдары сынға алған. Олардың айтуынша, жаңа заңда азаматтардың бейбіт жиын ұйымдастыру еркіндігін елеулі түрде шектейтін бұрынғы ережелер өзгермеген.

Шара өткізудің жаңа тәртібі бойынша ұйымдастырушылар енді өтініш емес, тек ескерту жібереді деген биліктің уәдесіне қарамастан, митинг ұйымдастырғысы келетіндер бұрынғыдай өтініш тапсырып, әкімдіктің рұқсат беруін күтеді. Ал ондағылар түрлі себептермен шара өткізуге рұқсат бермейді. Заң бойынша, пикет өткізу үшін ескерту беру міндетті емес, бірақ іс жүзінде оларға да қысым жасалады, түрлі мемлекеттік органдардың қызметкерлері олардың шарасына кедергі келтіруге тырысады.