Урсула фон дер Ляйен: Еуроодақ Украина жөніндегі Ресеймен келіссөздерге қосылады

Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен

Еуропа өкілдері Украинадағы соғысты реттеу бойынша Ресеймен өтетін келіссөздердің келесі кезеңіне қатысады. 25 қарашада Страсбургте Еуропарламентте Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен осылай деп мәлімдегенін Азаттық тілшісі хабарлады.

Фон дер Ляйен кейінгі апталарда соғысты тоқтатуға бағытталған күш-жігер жаңа қарқын алғанын айтқан. Еурокомиссия басшысы Украинаның қауіпсіздігі Еуропаның қауіпсіздігімен тікелей байланысты болғандықтан, келіссөздерге Еуропа өкілдерінің қатысуы аса маңызды деген.

Франция Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруын қабыл алуға және Еуропаның Украинадағы соғысты реттеу келіссөздеріне толыққанды қатысуына мүмкіндік берілетін болса, өз өкілін Мәскеуге жіберуге дайын. Бұл туралы Францияның Ресейдегі елшілігі мәлімдеді.

Дипломатиялық өкілдік болашақ қауіпсіздік архитектурасын, Ресейге қарсы санкцияларды, Украинаны қалпына келтіру және бұғатталған ресейлік активтердің болашағын талқылауда Еуропа шешуші рөл атқаруы тиіс деген. Бұған дейін Ресей билігі тек Вашингтонмен келіссөз жүргізуді жөн көргендіктен, Франция елшілігі Мәскеудің шақыруы көңілге үміт ұялататын белгі деп бағалады.

Еуроодақ өкілдерінің Мәскеуге нақты қашан сапармен баруы мүмкін екені және оның егжей-тегжейі әзірге келісілмеген.

25 қарашада Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков еуропалық тараппен байланыс барын растады, бірақ әзірге айтарлықтай нәтиже бермегенін айтты.

"Белгілі бір жұмыс байланыстары бар, бірақ әзірге, былайша айтқанда, нәтижесі шамалы", – деді Песков саяси кеңесшілер деңгейінде консультациялар өтуі мүмкін екені туралы хабарларға берген түсініктемесінде. Ол Мәскеу еуропалық тараппен байланысты байыппен жалғастыруға ниетті екенін айтқан.

Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу Еуроодақтың соғысты реттеу жөніндегі келіссөздерде нақты қандай рөл атқаруға ниетті екенін түсінгісі келетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей мен Еурокомиссия арасында Украина мәселесі бойынша осы уақытқа дейін ешқандай байланыс болмаған. Лавров Брюссельді "мегафондық дипломатия" жүргізіп отыр деп айыптап, оны соғысты реттеуге "жеңілтек" қарайды деп сөккен. Бұған қоса ол Еуропа келіссөз үстелінің басына отырса, бірден "аяғын сол үстелге шығарып қояды" деп мәлімдеді.

Еуропарламенттегі сөзінде фон дер Ляйен "Ниеттестер коалициясының" қыс мезгілі кезінде Ресейдің Украинаның энергетика инфрақұрылымына шабуылдарын тоқтату және Қара теңіз арқылы азық-түлікті қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін келісім жасау туралы айтқан ұсыныстарын да еске салды. Еурокомиссия басшысының пікірінше, егер Мәскеу осыларға келіссе, бұл оның ниетінің шынайылығын көрсетер еді.

Фон дер Ляйен Еуроодақ Украинаны қолдауды және Ресейге қысымды күшейтуді жалғастыратынын мәлімдеді. Ол Еурокомиссия Ресейге қарсы санкциялардың 22-пакеті бойынша ұсыныстар әзірлегенін еске салды.

Еурокомиссия басшысының сөзінше, Ресейдің кең ауқымды басқыншылығы басталғалы бері Еуроодақ Украинаға жиынтығы 235 миллиард еуро көлемінде көмек көрсеткен. Ал бұған дейін келісілген 2026-2027 жылдарға арналған 90 миллиард еуроның еуропалық несиесін ескергеннің өзінде, 2027 жылы Украинаның қаржы тапшылығы 70 миллиард еуро болмақ.

Өткен аптада Еурокомиссия 2027 жылы Украинаның қорғаныс және бюджет қажеттіліктерін жабу үшін Киевке қосымша 45 миллиард еуро көлемінде несие беруді ұсынған.

  • Бұған дейін Мәскеудің келіссөздерге Еуропа өкілдерінің қатысуына келісім бергенін америкалық келіссөз жүргізушілер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер хабарлаған.
  • 19 қарашада Қытайда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитінде Владимир Путин аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұстанымдарын білу үшін еуропалық өкілдерді Мәскеуге шақырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, Ресей тарабы келіссөздердің одан арғы форматын тек содан кейін айқындайды.
  • Украина президенті Владимир Зеленский еуропалық өкілдердің Мәскеуге баратынына күмән келтірді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков бұған дейін Франция, Германия және Ұлыбритания өкілдерін шақыру оларды Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздерге қосуға Мәскеу келісті дегенді білдірмейтінін атап айтқан.