Вашингтонда Трамп қатысқан журналистердің кешкі асы кезінде атыс болды

Вашингтондағы журналистер қауымдастығының кешкі асы.

Вашингтонда президент Дональд Трамп қатысқан Ақ үй журналистері қауымдастығының кешкі асында атыс болды. Құпия қызмет өкілдері Трампты мінберден алып кетті.

Ақ үй өкіліне сүйенген CNN-нің жазуынша, Трамп зардап шекпеген және қауіпсіз жерде.

Шараға сонымен бірге вице-президент Джей Ди Вэнс те қатысқан, ол да эвакуацияланған.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

BBC-дің жазуынша, шара әбден қызған шақта оқ атылған. Осыдан кейін құпия қызмет өкілдері қарумен залға жүгіріп келген. Жоғары лауазымды тұлғалар бірден эвакуацияланған. Арасында президент Дональд Трамп, бірінші ханым Мелания Трамп, вице-президент Джей Ди Вэнс, қорғаныс министрі Пит Хегсет бар. Ал қатысушылар үстелдің астына жасырынған.

Ақпаратқа қарағанда, күдікті құпия қызмет агентіне оқ атқан. Бірақ қызметкерді бронежилеті құтқарып қалған. Күдікті ұсталған.

CNN-нің жазуынша, бұл Калифорния штатында тұратын 30 жастағы ер адам. Оның оқ атуына не себеп болғаны белгісіз.

Колумбия округы полициясының бастығы Джеффри Кэролдың хабарлауынша, ер адамнан мылтық, тапанша мен бірнеше пышақ табылған.

Полицияның айтуынша, шабуылдаушыға оқ тимеген, ол ұсталып, жергілікті ауруханаға тексеруге жіберілген.

Ізінше Ақ үйдегі кабинетінде брифинг өткізген Трамптың айтуынша, күдікті жалғыз өзі болған. Президент оны “өте сырқат адам” деп атады.

Дональд Трамп Truth Social желісінде ұсталған адамның суретін жариялады.

"Бұл есінен адасқандар. Олармен күресу керек" деді АҚШ басшысы күдікті туралы.

Ол журналистер қауымдастығының шарасы кемінде бір айға шегерілгенін айтқан.

1981 жылы дәл осы қонақүй маңында (Washington Hilton) президент Рональд Рейганға шабуыл жасалған еді. Ол жарақаттанып, тағы үш адам зардап шеккен еді. Шабуылдаушы Джон Хинкли ақыл-есінен адасқан деп танылып, кейін психиатрия ауруханасынан босатылған.

2024 жылы шілдеде Пенсильвания штатындағы митинг кезінде де Трампқа шабуыл жасалған еді. Шабуылдаушы атқан оқтың бірі президенттің құлағына тиіп, жеңіл жарақаттаған. Бір адам қаза болып, екі адам зардап шекті. Шабуылдаушы атып өлтірілді.