"Важные истории": ЦРУ төрағасы орынбасарының 21 жастағы ұлы Украинадағы соғыста қаза болды. Ол Ресей әскері жағында болған

Майкл Глосс

АҚШ барлау басқармасы (ЦРУ) төрағасының орынбасарының 21 жастағы ұлы Майкл Глосс Украинадағы соғыста қаза болды, ол Ресей жағында соғысқан деп жазды "Важные истории".

Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа Глосс 2023 жылы күзде қол қойған. Зерттеушілердің сөзінше, ол туралы мәлімет бірыңғай медициналық ақпараттық-сараптамалық жүйеде пайда болған. Оның мекенжайы ретінде Мәскеудің Яблочков көшесіндегі әскери пункт көрсетілген.

Келісімшартқа қол қойғаннан кейін екі аптада Глосс Мәскеу түбіндегі "Авангард" жаттықтыру орталығында әскери дайындықтан өткен. Кейін оны Рязандағы 41450 әскери бөліміне қарасты 137-полкқа ауыстырған. Зерттеушілердің сөзінше, соғысқа Майкл Глосс 2023 жылы желтоқсанда кеткен.

"Егер қателеспесем, оны дайындықтан кейін штурмдық отрядқа жіберді" деді оны жақсы білетін ресейлік. Ол да рязандық 137-полкта әскери қызметте болған.

Глосс телеграм желісіне соңғы рет 2024 жылы 14 наурызда кірген. Екі аптадан соң 137-полк Украинаның Донецк облысындағы украин бекіністеріне шабуылдаған. Некрологқа қарағанда, ол 2024 жылы 4 сәуірде қаза болған. Онда оның неден қайтыс болғаны жазылмаған, тек "әлемді аралап, саяхатқа кеткенге дейін" ол "қысқа әрі жарқын өмір сүрді" деп жазылған.

Глосс чаттардың бірінде әскерге Ресей азаматтығын алу үшін барғанын жазған. Ресей азаматтығы оған өмірлік мақсатына жету үшін – "экологиялық ластану мен сонымен байланысты ауру, өлім-жітіммен күрес үшін" қажет болған.

Майкл Глосс — ЦРУ директорының цифрлық инновациялар жөніндегі орынбасары Джулиан Галлина Глосс пен Ирак соғысының ардагері Ларри Глосстың ұлы. Ларри Глосс АҚШ пен НАТО елдерінің әскеріне қауіпсіз программалық жабдықтау жасаумен айналысады. Майкл еркін өнер College of the Atlantic колледжінде оқып, климат бойынша наразылықтарға және түсікке тыйым салу митингтеріне қатысқан. 2023 жылы ол колледжді аяқтамай әлемді саяхаттауға кеткен. Атап айтқанда, Түркияға барып, жер сілкінісінен кейін үйінділерді тазартуға көмектескен. 2023 жылы тамызда ол чаттардың бірінде Владикавказда екенін жазған.