Венгрия Еуроодақтың Ресейге қарсы 20-санкциялар пакетін мақұлдауға бөгет қою ниеті барын мәлімдеді. Венгрия "Дружба" құбыры арқылы алып келген ресейлік мұнай транзиті тоқтатылғанын бұлдап осындай әрекетке бармақ.
"Украина "Дружба" құбырымен Венгрия және Словакия алып келген мұнай транзитін қайта бастамайынша, біз Киев үшін маңызды шешімдердің алға жылжуына жол бермейміз", – деп жазды Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто X әлеуметтік желісінде.
Еуропа одағы Ресейге қарсы жаңа шектеулерді 23 ақпанда Сыртқы істер кеңесі отырысында қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл жиын Ресей Украинаға басып кіргеніне төрт жыл толатын күннің қарсаңында өтпек.
Бұған дейін Венгрия мен Словакия Киев ресейлік мұнай транзитін қайта жандандырмаса, Украинаға электр энергиясын жеткізуді тоқтатамыз деп ескерткен. Сийярто сондай-ақ Еуропалық комиссия бұрын мақұлдаған Украинаға арналған 90 миллиард еуро көлеміндегі Еуроодақтың несиелер пакетін Венгрия бұғаттауы мүмкін екенін мәлімдеген.
Украинаның сыртқы істер министрлігі электр энергиясын жеткізуді тоқтату туралы мәлімдемелерді "бопса" деп атады. Министрлік мәлімдемесінде мұндай әрекеттер Украинаның энергетика инфрақұрылымына Ресей жаппай шабуылдар жасап, украиналықтарды қақаған аязда жарықсыз, жылусыз және газсыз қалдырып отырған шақта "арандатушы әрі жауапсыз қадам" болатыны және бүкіл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретіні айтылған.
Украина тарапы "ресейлік емес" мұнай жеткізудің балама бағыттарын ұсынғанын хабарлады. Атап айтқанда, Одесса-Броды мұнай құбырын пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ.
Киевтің мәліметінше, "Дружба" құбырымен мұнай жеткізу Ресейдің бомбалауынан бұзылған. Оған қоса Украина билігі Венгрия мен Словакияның Ресей мұнай-газын сатып алуды жалғастыруы Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын қаржыландыруға ықпал етеді дейді.
Ал Венгрия мен Словакия Украина билігін мұнай жеткізуді қалпына келтіруге кедергі келтірді деп кінәлап отыр. Екі ел де энергия ресурстары импорты бойынша "Дружба" құбырына айтарлықтай тәуелді.