Венгрия премьері Мадияр Украинаға алғаш рет сапармен барды

Венгрия премьер-министрі Петер Мадияр мен Украина президенті Владимир Зеленский сарбаздар жерленген зират басында. Украина, Ужгород, 24 қараша, 2026 жыл

24 қараша күні Венгрия премьер-министрі Петер Мадияр Ужгородта Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткізген келіссөздерін "тарихи оқиға" деп атады. Кездесу Венгрия үкіметі жетекшісінің Украинаға кейінгі 10 жылдан астам уақыт ішіндегі алғашқы сапары аясында өтті.

Биыл сәуірдегі сайлау қорытындысы бойынша Венгрия билігіне келгеннен кейін Мадияр Украинамен екіжақты қарым-қатынасты жаңа негізде құруға ден қойды деп жазды Reuters. Ужгородта Мадияр Ресейдің "егеменді, еркін еуропалық елге қарсы" жүргізіп жатқан, бес жылға жуық уақытқа созылған соғысын венгр халқы айыптайды деп мәлімдеді.

Ужгородта Мадияр мен Зеленский 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялаған сәттен бері қаза тапқан украин сарбаздары жерленген зиратқа бірге барды. "Мен бүгін тарихи күн деп санаймын және одан екі елдің тарихы мен қарым-қатынасында жаңа бет ашуға зор мүмкіндік көремін",– деді Петер Мадияр зират басына гүл қойғаннан кейін.

Зеленский мен Мадиярдың Украинада венгр ұлты өкілдері тұратын Закарпатье орталығында – Будапешттің тілегін ескерудің нышаны деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.

Киевтің жергілікті венгрлерге деген қатынасы ұзақ уақыт бойы екі ел арасындағы түйткілді мәселе болып келген еді. Өткен айда Украина парламенті елде венгрлер мен басқа да ұлт өкілдерінің ана тілінде білім алу құқығын кеңейтетін заң қабылдады.

Киев қазіргі келіссөздер Украинаның Еуропа одағы құрамына кіру процесін жеделдетуге көмектеседі деп үміттенеді. Кремльге бүйрегі бұратын саясаткер саналған Виктор Орбан басқарған бұрынғы билік тұсында Венгрия Киевтің бұл ұмтылысына басты кедергі болып келген еді.

Венгрияның жаңа үкіметі Украинаның Еуроодақпен ішкі нарық және бәсекеге қабілеттілік стандарттары мәселелері бойынша келіссөздер бастауына қарсылығын алып тастады.

  • Мамыр айында Венгрияда Петер Мадияр бастаған үкімет билікке келгеннен кейін Будапешт Ресейді Украинаға жасаған шабуылдары үшін сынға ала бастады және Еуроодақ деңгейінде санкциялық пакеттерді бұғаттауды тоқтатты. Әйткенмен сонда да Будапешт Украинаға қару-жарақ бермейтін ұстанымынан айныған жоқ.