Венгрия ресейлік дипломатиялық өкілдіктің 10 қызметкерін елден шығармақ

Петр Мадияр (сол жақта) мен Анита Орбан.

Венгрия билігі Ресейдің Будапешттегі дипломатиялық миссиясының он қызметкерін елден шығармақ. Мұны 8 қыркүйекте Венгрияның сыртқы істер министрі Анита Орбан хабарлады. Оның айтуынша, сыртқы істер министрлігі Ресейдің Будапештегі елшісіне "Венгрия билігінің бағалауы бойынша, Ресей миссиясының он қызметкері Венгрияда Вена конвенциясындағы дипломат мәртебесіне сай келмейтін әрекет жүргізгенін" жеткізген.

Министр Орбан аты-жөні мен лауазымы жарияланбаған ресейлік азаматтардың елден кетуін "Венгрияның қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету" мақсатымен талап етілгенін, бірақ бұл Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзуді білдірмейтінін атап айтты. "Венгрия өзара сыйластық пен белгіленген ережелерді сақтауға негізделген қажетті диалогты жалғастыруға ниетті", – деп жазды министр Facebook-парақшасына сейсенбіде.

Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін және Ресей мен Еуроодақ арасындағы жалпы қарым-қатынас нашарлай түскен соң Еуроодақ құрамындағы көптеген мемлекет өз аумағынан ресейлік дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлерін шығарып, консулдықтар мен басқа да ресейлік мекемелерді жапқан. Ресей де солай істеді. Алайда, бұрын Венгрияда билікте Виктор Орбан болған кезде үкімет ондай қадамға бармаған. Орбан тұсында ресейлік дипломат Будапешттен соңғы рет 2018 жылдың көктемінде шығарылған. Ал дипломатиялық миссияның 10 қызметкерін бірден елден шығару Венгрияда бұрын-соңды болмаған. Мұның нақты себептері әлі жарияланған жоқ.

Биыл мамыр айында Петр Мадияр басқарған жаңа үкімет билікке келгеннен кейін, Венгрия Ресейді Украинаға жасаған шабуылдары үшін сынға ала бастады және Еуроодақ деңгейіндегі санкцияларға бұрынғыдай тосқауыл қоюды тоқтатты. Сонымен бірге Будапешт Украинаға қару-жарақ беруді құптамайды.

Венгрия үкіметінің ресейлік дипломаттарды елден шығару туралы шешіміне Мәскеу әлі жауап берген жоқ.