Венгрияда экс-министрден $20 млн қолма-қол ақша тәркіленді. Оның бір бөлігі орманға көмілген

Миклош Шештак.

Венгрияның бұрынғы ұлттық даму министрі Миклош Шештактан жалпы сомасы 20 миллион долларға жуық әртүрлі валютада қолма-қол ақша тәркіленді. Бұл туралы Венгрияның MTI ақпарат агенттігі хабарлады.

Ақша Шештакқа қатысты сыбайлас жемқорлық ісі аясында жүргізілген тінту кезінде табылған. Тінту 12 және 13 қарашада Будапешт қаласында және Пешт, Бекеш, Ноград облыстарындағы бірнеше орында өткен.

Қолма-қол ақша ауыл шаруашылығы нысандарында, қоймалар мен тұрғын үйлерге жасырылған. Оның бір бөлігі тіпті орманға көмілген.

Венгрияның қаржы министрі Андраш Карманның айтуынша, тәркіленген ақшаны санауға қаржы министрлігінің 12 қызметкері сегіз сағат жұмсаған. Олар бес ақша санау құрылғысын пайдаланған.

Миклош Шештак 2014–2018 жылдары Виктор Орбан үкіметінде ұлттық даму министрі болған. Тергеу болжамынша, сол кезеңде ол және мемлекеттік активтерді басқару компаниясының басшысы Норберт Шивек мемлекеттік автобус тасымалдаушы Volánbusz-пен байланысы бар компаниялардан 11 млрд форинттен астам (33 млн доллардан астам) пара алған.

Шештак қыркүйектің соңында ұсталып, қамауға алынған. Ол депутаттық иммунитетінен айырылды. Бұрынғы министр өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарады.