Билік иерархиясындағы екінші тұлға
31 тамыз күні Құрылтай отырысында сөйлеген президент Тоқаев жаңадан енгізілген вице-президент лауазымы мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, вице-президент Құрылтай депутаттарымен және үкіметпен тығыз жұмыс істеп, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді және президент айқындаған міндеттерді іске асырады.
Тоқаев бұл қызметке 50 жастағы Ерлан Қаринді ұсынатынын айтып, оны мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибесі бар білікті кәсіби қызметкер деп мақтады.
"Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын", – деді Тоқаев.
Бұдан соң Құрылтай депутаттары Ерлан Қариннің кандидатурасын дауысқа салды. Қаринді жаңа лауазымға тағайындауды 141 депутат қолдап, төрт депутат қалыс қалды.
Қазақстанда биылғы шілде айынан бастап күшіне енген жаңа Конституция бойынша, вице-президент мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші тұлға саналады. Егер билікте отырған президент қайтыс болған немесе қызметінен кеткен жағдайда оның өкілеттігі вице-президентке беріледі. Вице-президентті қызметке Құрылтайдың келісімі бойынша президент тағайындайды және босатады, оның қызмет міндеттерін де президент анықтайды.
Дүйсенбі күні Құрылтай мінберінен сөйлеген сөзінде Ерлан Қарин Қазақстан кейінгі бірнеше жылда "барлық салада айтарлықтай өзгеріп, мүлде жаңа тұрпатты мемлекетке айналды" деп мәлімдеді.
"Көптеген салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезе бастады. Сіздің қолдауыңызбен және сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдық", – деді Қарин өзін осы қызметке тағайындаған Тоқаевқа қарата.
Вице-президент өзіне сенім артқаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып, адал қызмет қылуға уәде етті.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын "Әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе" деген сөз бар. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтам. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін", – деді Қарин.
Ол барша жұртты президенттің айналасына топтасуға үндеді.
"Осы тарихи сәтте барлық ел азаматтарын президентіміздің айналасына топтасып, ортақ мақсат жолында жұмыла түсуге шақырамын", – деді Қарин.
Ерлан Қарин "Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: жаңа көзқарастар және ізденістер" тақырыбындағы ғылыми форумда сөйлеп тұр. 25 қаңтар, 2025 жыл.
Мамандығы бойынша тарихшы және саясаттанушы Ерлан Қарин бұған дейін Тоқаев әкімшілігінде президенттің кеңесшісі, мемлекеттік хатшы болып істеген. Оның алдында біраз уақыт "Қазақстан" ұлттық телерадиокомпаниясын да басқарған.
Биыл наурызда өткен референдум қорытындысы бойынша қабылданған Конституция күшіне енгенге дейін Қарин мемлекеттік кеңесші қызметін атқарды, кейін ол қызмет жойылды. Бүгінгі жаңа тағайындауға дейін Қарин президент әкімшілігі аппарат басшысының бірінші орынбасары болып екі ай отырды.
23 тамыздағы парламент сайлауы күні Тоқаев тілшілерге вице-президент лауазымына "баршаңыз жақсы білетін танымал тұлға" тағайындалатынын айтқан, бірақ оның аты-жөнін атамаған еді.
Олжас Бектенов
Дүйсенбі күні 45 жастағы Олжас Бектенов Қазақстан премьер-министрі қызметіне қайтадан тағайындалды. Тоқаев оның да кандидатурасын Құрылтайға ұсынды. 137 депутат Бектеновті бұрынғы лауазымына қайта тағайындауды қолдап дауыс беріп, жеті депутат қалыс қалды.
Конституцияға сәйкес, жаңадан сайланған Құрылтай жұмысына кіріскен соң бұрынғы үкімет толық құрамда отставкаға кеткен. Президент оларға жаңа үкімет құрылғанға дейін бұрынғы міндеттерін атқара тұруды жүктеген.
Олжас Бектенов үкіметті 2024 жылғы ақпаннан бері үздіксіз басқарып келеді, оған дейін Тоқаевтың аппарат басшысы қызметін атқарған. Жаңа үкіметтің мүшелері әлі бекітілген жоқ.
Егер Құрылтай депутаттары вице-президент пен премьер-министр лауазымдарына президент ұсынған кандидаттарды бекітуден екі рет бас тартса, онда президент Құрылтайды таратып жіберуге құқылы.
"Бұдан былай журналист депутатқа тек брифингте сауал қояды"
31 тамызда Құрылтай отырысын БАҚ өкілдері баспасөз бөлмесіндегі монитордан бақылады. Олар жиын соңынан депутаттарға сұрақ қоюға дайындалып тұрған еді. Алайда отырыс аяқталғаннан кейін журналистер жиыннан шыққан депутаттарға қарай өте алмады, өйткені ол қанатқа шығатын есіктер бекітулі болды.
Журналистер есікті қағып, ашуды талап еткенімен есіктің арғы жағында тұрғандар ашпады. Тілшілер мен операторлар ол жаққа тек 20-30 минут өткеннен кейін ғана шыға алды. Бірақ бұл уақытта дәлізде депутаттардан ешкім болған жоқ.
БАҚ өкілдері бұдан былай депутаттарға тек баспасөз жиындары кезінде және белгіленген күн тәртібіне байланысты сұрақтар ғана қоя алатынын дүйсенбі күні кездейсоқ естіп, айран-асыр болды.
"Құрылтай мүшелері кесте бойынша келеді. Сіздерде парламент мүшелеріне тек баспасөз орталығында сұрақ қою мүмкіндігі болады. Парламент мүшелері бүгін келмейді. Бұл өзгерістер БАҚ туралы заңға сай, қолданыстағы аккредиттеу ережелеріне сүйеніп қабылданды", - деп түсіндірді журналистерге парламент аппаратының қызметкері Болат Кәленбеков.
"Бұл мемлекеттік органның регламенті, оны депутаттар қабылдаған. Мемлекеттік орган журналистер қатысатын іс-шараның орнын өзі белгілейді. Құрылтай ғимараты – күзетілетін нысан; мұнда күзетілетін тұлғалар мен кеңселер бар. Журналистерге арналған іс-шара өтетін орынды – баспасөз орталығын біз белгілейміз. Басқа ғимарат болмайды", – деді парламент қызметкері.
Журналистер баспасөз қызметіне мұндай өзгерістер президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуованың Құрылтай депутаты болып сайлануына байланысты енгізілген бе деп сұрақ қойды. Кәленбеков бұл сұраққа жауап бере алмайтынын айтты. Ол депутаттардан эксклюзив сұхбат алу үшін олардың өзіне алдын ала хабарласып, келісуге болады ғой деп жөн сілтеді.
"Егер депутат ықылас білдірсе, ол сіздерге жауап береді", – деді Кәленбеков.
Осыған ұқсас жайт өткен жұма күні, 28 тамызда болған еді. Жаңадан сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылғаннан кейін журналистер депутаттарға сұрақ қоймақшы болып әдеттегідей залда күтіп тұрды. Парламенттің баспасөз қызметі депутаттар жалпы отырыстан кейін БАҚ өкілдерімен кездеседі деп уәде еткен еді. Бірақ сессия аяқталғаннан кейін депутаттардың ешқайсысы журналистер алдына шықпады. Сол күні Құрылтай ғимаратының ішінде тілшілердің жолын бөгеген қызыл жолақ тосқауылдар пайда болған еді.