Диктаторлық режимге жақпайтын Джин Шарптың әдістері

Тамыздағы президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспеген наразылар шеруі. Минск, Беларусь, 4 қазан 2020 жыл.

Беларусь, Ресей және өзге де постсоветтік елдерде авторитар билік режиміне жаппай наразылық білдіргендерді айыптағанда үкімет "Батыстың сценарийі" жайлы жиі айтады. Билік риторикасына негіз бар ма? "Түрлі-түсті революция" идеологы деп атайтын Джин Шарп деген кім?

2020 жылдың 9 тамызында Беларусь елінде өткен даулы президент сайлауынан кейін оның ресми қорытындысына наразылық білдіріп көшеге шыққандарды "Батыстың қуыршағы" деп атаған Александр Лукашенко, "қуыршақ басқаратындар" америкалық саясаттанушы Джин Шарп жазған "түрлі-түсті революция жайлы классикалық оқулыққа" сай жасап отыр деп мәлімдеген.

Ресейде 2011 жылы болған наразылықтар кезінде президент әкімшілігі басшысының орынбасары Владислав Сурковтың да ресейлік белсенділер "Шарптың кітаптарына сүйеніп", оның нұсқаулығынан ауытқымай қимылдайды деп айтқаны бар. Ресейлік ақпарат құралдары Шарптың кітабын "тозығы жеткен әдістеме құрал" деп те атады.

Болотная алаңына билікке наразылық акциясына жиналған халық. Мәскеу, 10 желтоқсан 2011 жыл.

Әлемде Ираннан бастап Венесуэлаға дейін кейбір елдерде Шарп пен ол негізін қалаған Альберт Эйнштейн атындағы институтты "АҚШ орталық барлау басқармасына жұмыс істейді: наразы жұрттың қолтығына су бүркіп, биліктегі режимді заңсыз төңкеруге тікелей араласады" деп айыптаған. Ал Шарп әлемнің әр түкпірінде болған саяси процестерге оның ықпалы жайлы өзгелер тым өсіріп айтатынын сұхбаттарында әлденеше рет ескерткен.

Постсоветтік елдерде "түрлі-түсті революциялар идеологы" деп жиі атайтын Джин Шарп деген кім? Оны бұлай атауға расымен негіз бар ма?

"ДИКТАТУРАДАН ДЕМОКРАТИЯҒА"

Джин Шарптың жас кезінде басынан өткен жайт кейін бейбіт күрес туралы идеяның қалыптасуына түрткі болды. 1951 жылы социолог мамандығын алған Шарп екі жылдан соң Корей соғысына қатысудан бас тартқаны үшін сот үкімімен екі жылға түрмеге қамалады. Түрмеде тоғыз ай отырған Шарп сол кезде әйгілі физик Альберт Эйнштейнмен хат жазысып тұрған.

Саясаттанушы Джин Шарп.

1960 жылы Шарптың "Гандидің қолындағы моральдық қару" атты алғашқы кітабы жарық көрді, оның алғысөзін Эйнштейн жазған. Кейін, 1983 жылы Шарп өзі негізін қалаған коммерциялық емес ұйымды ғалымның есімімен – Альберт Эйнштейн институты деп атады. Бұл ұйым зорлық-зомбылықсыз күрес идеясын таратумен айналысты.

Бұл идеялардың мәнісі бүкіл биліктің бастауында халық тұр деген тезиске саяды. Егер халық бағынудан бас тартса, онда режимнің күні ұзаққа бармайды. "Диктатор өзі айтып жүргендей керемет мықты емес, халық өзі ойлағандай соншалықты әлжуаз емес" дейді Шарп.

Шарптың пікірінше, кейде амалсыздан күшке жүгінеді, бірақ ондайдан неғұрлым аулақ болған жөн. Зомбылыққа қарсы одан да мықты күш табылады, ал ондайда халыққа қарағанда режим артықшылыққа ие дейді ол.

Диктатор өзі айтып жүргендей керемет мықты емес, халық өзі ойлағандай соншалықты әлжуаз емес.
Джин Шарп.

Джин Шарптың ең әйгілі еңбегі – "Диктатурадан демократияға" атты кітабы 1993 жылы жазылған. Кітапта Шарп 1973 жылы жазып, жариялаған зорлықсыз күрестің 198 әдісі көрсетілген. Кітап авторы халық өзі құтылғысы келген режимнің әлсіз тұсын табуы керек, әр режимде ол әртүрлі болады деп жазады. Сондықтан зорлықсыз күрес әдістерін де режимнің осал тұсын ескере отырып қолдану керегін айтады.

Шарп кітабында келтірген әдістердің арасында петициялар мен қарсылық үндеулерін тарату, наразылықтың түсі мен ұрандарын пайдалану, режимді "жерлеуді" бейнелеп, ән салу, бойкот жариялап, салық төлеуден, сайлауға қатысудан бас тарту, балама базарлар ұйымдастыру, т.б. бар.

Әуелде "Диктатурадан демократияға" кітабы әскери диктатура билік құрған Мьянмадағы белсенділерге арналған еді. Шарп Мьянмадағы жағдайды жетік білмегендіктен кітапта елдегі ахуалды ескеретін нақты ұсыныстар емес, жалпылама терминдер айтылған.

Оның бұл еңбегі кейін көпке танылды: кітап кез келген тілге аударып, ондағы әдістерді мәдени немесе діни ерекшелігіне қарамастан кез келген қоғамда қолдануға болатын құралға айналды. Кітап автордың ешқандай ықпалынсыз шартарапқа тарады, кейін Шарп ол кітаптың Мьянмадан шекара асып, өзге елдерге қалай тарап кеткенін білмейтінін айтты. Қазірге дейін бұл кітап әлемнің қырықтан астам тіліне аударылған.

ДЖИН ШАРПТЫҢ РЕВОЛЮЦИЯЛАРЫ

Украинада 2004 жылы болған қызғылт-сары революция Джин Шарпты постсоветтік кеңістікке әйгілі етті. Кейбіреулер Украина революциясы соның "әдістемесі" бойынша жүргізіліп жатыр деп мәлімдеді. Мысалы, ту мен қызғылт-сары түсті қолданылды, бұл – Шарптың кітабындағы №18 әдіс. Саясаттанушының өзі украин оппозициялық жастарының "Пора!" ұйымы онымен байланыс орнатқанын айтты. Ол кезде жастар ұйымы Шарптың кітабын "біздің інжіліміз" деп атады.

Оппозициядан президенттікке кандидат Виктор Ющенконың жақтастары мен "Пора!" жастар ұйымының белсенділері сайлау кезіндегі бұрмалаушылыққа наразылық білдіріп, митингіде тұр. Киев, 2 қараша 2004 жыл.

"Олар "Диктатурадан демократияға" кітабының көшірмесін бір жерден тауып алыпты. Қалай тапқанын білмеймін. Аударып шыққан, бірақ ақшаға өте кедей ұйымның оны жариялауға мүмкіндігі болмаған. Олар аздап қаржыдан көмектесуді сұрап, электронды поштасының адресін жіберіпті" деді 2012 жылы британдық ВВС медиасына берген сұхбатында Шарп.

"Біз оларға алты мың доллар жібердік қой деймін. Кейін әлгі еңбекті ерекше көп тиражбен басып шығарғанын естідік. "Қызғылт-сары революция" кезінде біз тікелей байланысқа шыққан жалғыз оқиға – осы" деді Шарп. Ол кезде әлгі ұйым кітаптың 12 мың данасын басып шығарғанын мәлімдеген.

Саясаттанушының өзі 1980-1990 жылдары СССР-ден тәуелсіздік алу үшін күрескен Балтық елдеріндегі оқиғаларға белсенді араласқанын айтқан. Оның сөзінше, Эйнштейін институтының өкілдері Балтық елдеріне кеңес беруге екі рет барған. Бұл елдердегі тәуелсіздік үшін күресте Шарп идеясы қылаң береді.

Баспаханаға кірмек болған совет әскерінің жолын жауып тұрған бейбіт азаматтар. Вильнюс, Литва, 11 қаңтар 1991 жыл.

Мысалы, Литва Жоғарғы кеңесі 1990 жылы ақпанда Мәскеуге қарсылық кезінде қабылдаған қаулысында ел азаматтарын "белсенді оккупация" жасалған жағдайда тәуелсіздік жолындағы күрестің негізгі құралы ретінде саяси және әлеуметтік ынтымақтастық орнатудан, бағынудан бас тартуға, зорлық-зомбылықсыз қарсылық принциптерін ұстануға үндеген. Әйтсе де ол қаулы Альберт Эйнштейн институты өкілдерінің Балтық елдеріне сапарының тікелей нәтижесі болды деп кесіп айтуға келмейді.

Шарптың ықпалы туралы сөз болғанда 2000 жылы Сербияда президент Слободан Милошевичті биліктен кетіруге себеп болған наразылықты жиі еске алады. Ол кезде сербтың "Отпор!" саяси ұйымының кейбір өкілдері Шарптың кітабын серб тіліне аударып басып, өз іс-әрекетінде саясаттанушының әдістерін басшылыққа алатынын мәлімдеген. Кейін Сербияда құрылған қолданбалы зомбылықсыз күрес орталығы өзге идеялармен қоса Шарптың зорлықсыз қарсылық әдістерін де таратумен айналысты. Орталық әлем бойынша ондаған елдегі белсенділерге көмек көрсетеді.

Сайлаудың ресми қорытындысына наразылық білдірген халық парламент ғимаратының алдына жиналып тұр. Белград, 5 қазан 2000 жыл.

"ИГІЛІКТІ ІСТЕН ӘЗӘЗІЛДІ КӨРУГЕ БЕЙІМ"

Джин Шарп әлемнің түрлі еліндегі саяси қозғалыстарға өзінің ықпалы туралы сөздерді тым өсіріп көрсету деп санайтын. Ол өзі жазған әдістерді "АҚШ-тың өзге елдерге таратуға әзірлеген өнімі" деп атауға қарсы болған. Ғалым зорлықсыз қарсылық идеясы кез келген елге, соның ішінде Ресейге де тән екенін айтқан.

"Егер орыстар төл тарихынан бас тартып, [зорлық-зомбылықсыз күрес] америкалық әдіс дейтін болса – ол өте жаман. Ресейдегі патша режимі мен сталинизм тұсындағы зорлықсыз қарсылықтың ұлы тарихы өте қатты әсер қалдырады. Мен көп нәрсені орыстардан үйрендім" деген Шарп 2012 жылы ВВС-ге берген сұхбатында.

Джин Шарп.

Эйнштейн институты "Диктатурадан демократияға" кітабын орыс тіліне аударуға араласпағанын, бірақ аударылған мәтінді редакторлауға қатысқанын айтады. Ұйымның мәлімдеуінше, 2012 жылы кітаптың орыс тіліне аударылған төрт нұсқасы бары белгілі болған.

Шарп өзінің АҚШ билігі мен арнайы қызметіне ешқандай қатысы жоғын мәлімдеген. "Мен АҚШ үкіметінің құралы болсам, олар мені әскерге барудан бас тартқаным үшін тоғыз ай түрмеде ұстар ма еді? АҚШ-ты періште деп айтуға келмейді. Бірақ кейбіреу тіпті игілікті істен әзәзілді көруге бейім" деген Шарп.

Эйнштейн институтының қызмет ауқымы туралы бәлендей бірдеңе айту қиын. Кейінгі жылдары Шарптың өзінен басқа бұл ұйымда тек бір ғана адам жұмыс істегені мәлім. Ұйымның кеңсесі Бостонда, Шарптың өзі тұрған үйдің астыңғы қабатында орналасқан. Соңғы жылдары қаржының жоқтығынан институттың жеке бөлме жалдауға мүмкіндігі болмаған. Институттағы жұмысынан бөлек Шарп Массачусетстегі Дартмут университетінде саясаттану профессоры болып істеген.

Саясаттанушыны Нобельдің бейбітшілік сыйлығына лайық деп атағандар да болған.

Джин Шарп 2018 жылы 90 жасында өмірден озды.

"Настоящее время" телеарнасы тілшісі Анна Шаманскаяның мақаласынан аударылды.