Қуғынға ұшыраған ресейлік миллиардер, президент Путинді сынаушылардың бірі Борис Березовский 23 наурыз күні Ұлыбританияда қайтыс болды.
Жергілікті ақпарат құралдары 67 жастағы миллиардердің өлі денесі Лондон түбіндегі үйінің ваннасынан табылғанын хабарлады.
Олигархтың туыстары мен арнайы өкілі оның өлімі туралы ақпаратты растады. Бірақ Березовскийдің нақты неден өлгені әлі белгісіз.
Ұлыбритания полициясы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
БЕРЕЗОВСКИЙДІҢ БИЗНЕСІ
1946 жылы туған Борис Березовский 1967 жылы Мәскеу орман техника институтының электроника және есептеу техникасы факультетін, 1973 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген.
Жүзден астам ғылыми еңбек пен монография авторы Борис Березовский 1983 жылы ғылым докторы, 1991 жылы Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, халықаралық бірнеше ғылыми қорлар мен қоғамдардың мүшесі, ғылыми қордың құрушысы болған.
Бірақ Ресейде "олигарх" атанған Борис Березовский жекешелендіру заманы бизнесмендерінің ең танымалы ретінде жұрт көзіне ілікті.
Березовский 1989 жылы шетелде өтпей қалған "ВАЗ" автокөліктерін Ресейге әкеліп сатумен айналысатын «ЛогоВАЗ» компаниясын құрды. 1991 жылы «ЛогоВАЗ» Mercedes-Benz көліктерінің СССР-дегі ресми импортері атанды.
Березовский 1992 жылы Ресей біріккен банктері директорлар кеңесінің төрағасы болды, 1994—1997 жылдары бұқара жұртқа арналған арзан көлік заводын ашуға ақша (20 миллион АҚШ доллары) жинаған «Бүкілресейлік автомобиль альянсын» басқарды.
Ол 1995 жылы ОРТ телеарнасын құруға қатысып, осы арнаның директорлар кеңесі құрамына енді, 1995 жылы Мәскеу тәуелсіз хабар тарату корпорациясының (ТВ-6 телеарнасы) акционері болды.
Березовский 1996 жылы «Сибнефть» мұнай компаниясының директорлар кеңесі мүшесі, 1999 жылы аса ірі «Коммерсантъ» баспа үйі медиа-тобының иесі болып, 2000 жылдан бастап «Коммерсантъ», «Московская комсомолка», «Независимая газета», «Новые Известия», «Свежий номер» газеттеріне; «Автопилот», «Власть», «Деньги», «Молоток», «Домовой», «Огонёк» журналдарына; «Наше радио» радиостанциясына, ОРТ және ТВ-6 телекомпаниияларына қожалық етті.
Кейін бизнесмен бірнеше әуе және мұнай компанияларының акцияларын сатып алды.
«Forbes» журналы 2008 жылы Березовскийдің байлығы 1,3 миллиард доллар болатынын айтқан.
БЕРЕЗОВСКИЙДІҢ САЯСАТЫ
Ресейдің бірінші президенті Борис Ельциннің саяси ықпалы артуына 1995 жылдан бастап саясатқа араласқан Березовскийдің әсері көп болғаны айтылады.
Елдегі 1996 жылғы президент сайлауында, коммунистік партия өкілдері күшейе бастаған кезде Ельциннің билігінде екінші рет орнығып қалуы Березовский бастаған олигархтардың қолдауының арқасы еді.
Борис Березовский Ельцин билігінің соңғы кезінде - 1996-1997 жылдары Ресей қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, 1998-1999 жылдары ТМД-ның атқарушы хатшысы, 1999-2000 жылдары Ресей мемлекеттік думасының депутаты болды.
Олигарх 1998 жылы ТМД-ны реформалау концепциясын жасаған еді, бірақ өзі қызметтен кеткен соң Евгений Примаковтың үкіметі ол ұсыныстан бас тартты.
Березовский 1999 жылдың соңы мен 2000 жылдың басындағы президенттік сайлауы кампаниясында Владимир Путиннің «Единство» блогын қолдады.
Бірақ бастапқы кезде Кремльдің одақтасы ретінде көзге түскен миллиардер 2000 жылы жазда Ресей президенті Владимир Путиннің саясатымен келіспейтінін айтып, депутаттық мандатынан бас тартты. Содан кейін оған қарсы қылмыстық істер қайта қозғала бастады.
(Негізі, Березовскийге қатысты алғашқы қылмыстық іс Ресейде 1999 жылы басталған еді. Сол жылы Швейцарияда да оған қарсы "ақша жымқыру" мен "алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалып, оның сол елге келуіне тыйым салынған).
Ресей прокуроры 2001 жылы қыркүйекте Березовскийге "алаяқтық", "ақша жымқыру", кейін "билікті күшпен басып алуға әрекеттену" баптары бойынша айып тағып, іздеу жариялап, кейін оны сырттай 13 жылға соттады.
Шетелге қашып шыққан Березовский 2003 жылдың қыркүйегінен бастап көз жұмғанша Ұлыбританияда саяси босқын ретінде өмір сүрді.
Ол 2004 жылы Украиндағы "қызғылт төңкерісті" қолдайтынын айтты.
2006 жылы Латвия Березовскийді "персона нон грата" деп жариялады.
2006 жылы күзде Лондонда Борис Березовскийдің серігі Александр Литвиненко полоний-210 радиоактивті элементінен уланып көз жұмды. Ресми Мәскеу оның өлімін Березовскийден көрді, ал Березовский "Литвиненконың ажалы - Кремльдің ісі" деп мәлімдеді.
Борис Березовскийдің өзіне де өмірінде алты рет қастандық пен шабуыл жасалған. Сондай шабуылдардың бірінде олигархтың көлік жүргізушісі қаза тауып, күзетшісі ауыр жараланып, Березовскийді күйік шалған. Бұл қастандықтарды кім ұйымдастырғаны әлі күнге дейін анықталған жоқ.
БЕРЕЗОВСКИЙДІҢ «ӨКІНІШІ»
Борис Березовский шетелге кеткен соң Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің басты сынаушыларының бірі болды.
- Путиннің кезіндегі Ресей - ол елдегі ғана емес, шетелдердегі демократияға да қатер. Ресей Батысқа да аса қауіпті. Батыс Ресейдің (путиншіл Ресейді айтамын) одақтас емес екенін, әріптес емес екенін неғұрлым ерте мойындаса, одан қорғанар амалды тезірек табуына сеп болар еді, - деді Березовский 2007 жылы.
Ресей Ұлыбританиядан Борис Березовскийді қайтарып беруін талап еткенмен, Лондон 2007 жылы оған қарсы қылмыстық іс қозғауға себеп жоқ екенін айтты.
Борис Березовский 2012 жылы ақпанның 26-сында, Ресейде президент сайлауына бір апта қалған шақта, Кремль тағынан қайтадан үміткер болған Владимир Путинге қарсы тағы бір мәлімдеме жасады. Березовский бұл жолы жасаған күнәлары үшін Құдайдан рақым сұрай отырып, өміріндегі «ең ауыр күнәсі – Путинді билікке әкелуге көмектескені» екенін айтқан.
Осы хатында ол Путин туралы: «Владимир Путинді билікке алып келгеніме қатты өкінемін және сол үшін кешірім сұраймын. Оның болашақта қатыгез тиранға және узурпаторға, бостандықты табанға таптап, Ресейдің дамуын тоқтататын адамға айналатынын болжауға тиіс едім. Болжай алмадым. Ол кезде көбіміз оның қандай адамға айналатынын білген жоқпыз. Бірақ бұл сылтау да менің күнәмді кетіре алмайды. Мені кешіріңіздер», – дейді.
Күнәсін мойындап, арылу мәнерінде жазған бұл хатында ол «қатыгез болып, баюды ғана ойлағанын, өзге адамдарға зиян келтіргенін, отандастарының тағдырына немқұрайды қарағанын» айтқан.
Березовский «Ресейдегі ақпараттық саясатты айқындайтын басты адам болып тұрған тұсында демократиялық құндылықтарды тәрк етіп, сөз бостандығын аяққа таптағанын, өз әрекеттерімен тәуелсіз журналистиканы жоюға жол салып бергенін» де айтқан.
2012 жылы мамырда Ресей тергеу комитеті "2012 жылы ақпан және сәуір айларында интернет арқылы жаппай тәртіпсіздікке шақырған" Борис Березовскийге қарсы екі қылмыстық іс қозғалғанын жариялады.
Борис Березовский көз жұмды деген хабар тарай сала ресейлік кейбір БАҚ (Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа сілтеме жасай отырып) олигархтың «соңғы бірер айда Путинге хабарласып, кешірім сұрап, отанына оралуға рұқсат етуін өтінгені» туралы ақпарат тарата бастады.
Ресейлік ақпарат құралдары 2012 жылы тамызда Роман Абрамовичке қарсы сотта жеңіліп, 56 миллион долларға таяу айып төлеуі тиіс болған Березовскийдің «көз жұмарында қаржылық мұқтаждыққа тап болып, депрессияға салынып кеткені жайлы» да жазып жатыр.