Иран сайлауының жеңімпазы анықталды

Ирандағы президент сайлауында жеңімпаз атанған Хассан Роухани.

Иранның ішкі істер министрі реформашыл кандидат Хассан Роуханидің президенттік сайлауда жеңіп шыққанын жариялады.
Иран ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, президент сайлауының алдын-ала нәтижелері бойынша Иранның ядролық бағдарламаларына қатысты бұрынғы келіссөздерін жүргізген Хассан Роухани өзге бес кандидаттан озып шықты. Сайлау 14 маусым, жұма күні өткен. 50 миллионға жуық сайлаушының 70 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқан.

Сайлаудың алғашқы нәтижесі бойынша Хассан Роухани 50 пайыздан астам дауыс жинаған. Екінші орында - сайлаушылардың 17 пайыз даусын иеленген Тегеран мэрі Мохаммад Бакер Халибаф.

Президент сайлауына халықаралық бақылаушылар қатысқан жоқ. Сайлау учаскелерінде дауыс беру белгіленген уақыттан бес сағатқа кеш аяқталды. Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, сайлаушылар дауыс беріп үлгірмегендіктен дауыс беру уақыты төрт рет ұзарған.

Президент сайлауына бұл екеуінен өзге төрт кандидат түсті. Олар - ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді жүргізуші Саид Жалили, Аятолла Әли Хаменеидің халықаралық істер бойынша кеңесшісі Әли Акбар Велаяти, сақшылар корпусының бұрынғы командирі Мохсен Резаи және бұрынғы телекоммуникация министрі Мохаммад Гарази.

Егер бұл жолғы сайлауда ешбір кандидат президент болуға қажетті көпшілік дауысты жинай алмаса, өзгелерінен ең жоғары дауыс алған екі кандидат 21 маусымда сайлаудың екінші кезеңіне қатысуы тиіс болатын.

Бұл сайлауда жеңіске жетті деп хабарланған Хассан Роухани президент қызметін екі мерзім қатарынан атқарған Махмуд Ахмадинежадты алмастырады.

Бұған дейінгі президент сайлауында оппозиция дауыс беруде бұрмалаушылықтар болғанын мәлімдеп, наразылық шерулеріне шыққан еді. Бірақ Иран үкіметі наразылық танытушыларды басып-жаншыған.

Аятолла Әли Хаменеидің дауыс беруі:

Your browser doesn’t support HTML5

Ирандағы президент сайлауы