Иранның билік өкілдері арасында АҚШ-пен келісімге келу және соғысты тоқтату мәселелері бойынша қайшылық күшейді. Бұл жөнінде дереккөздер мен сарапшыларға сүйенген The Wall Street Journal (WSJ) жазды.
Басылымның жазуынша, мұндай текетірес сәуір айының басында да байқалған, бірақ осы аптада күшейген. Араағайын болып жүрген ел өкілдерінің айтуынша, Иран жағы маңызды мәселелерге жалтара жауап береді. Егер соғыс қызған шақта Иран билігі ауызбірлік танытса, ал одан кейінгі кезеңде бірінші орынға санкцияны алып тастау мәселесі шығарылған. WSJ жазуынша, осы мәселе іштегі қайшылықты үдеткен.
Негізгі текетірес қатаң ұстанымдағы Ислам революциясы сақшылар корпусының жақтастары мен экономиканы қалпына келтіруді бірінші орынға қойғысы келетін шенеуніктер арасында туындаған. Сақшылар корпусының өкілдері келіссөз жүргізіп жатқан делегация өкілдеріне қысым жасап, келісімге бармауды талап етеді. Атап айтқанда, ядролық бағдарламаны талқылауға ынта білдірген парламент спикері Мұхаммад-Багер Галибаф пен Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи сынға ілініп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, осы ішкі қайшылық АҚШ-пен келіссөзді күрделендіріп отыр. Олардың пікірінше, билік өкілдерін жұмылдыратын жоғарыда мықты рухани көсемнің жоқтығы да жағдайды ушықтырып отыр.
Қағаз жүзінде Иранның рухани көсемі Мұжтаба Хаменеи, алайда ол өз қызметіне кіріскелі бері жұрт алдына шыққан жоқ. Иран сыртқы істер министрі мұны оның денсаулығы емес, елдегі әскери жағдаймен байланыстырады.