Әлемдегі онлайн-видеохостинг лидері YouTube платформасын 2024 жылы ай сайын 2,5 миллиард қолданушы пайдаланған.
Алайда осыдан тура 20 жыл бұрын алғашқы видеоны жариялаған кезде оны қандай болашақ күтіп тұрғанын ешкім білген жоқ деп суреттейді осы платформаның тарихын таныстырған France24 арнасы.
2000-жылдардың басында PayPal компаниясында істейтін үш әріптес – Стив Чен, Чад Херли мен Джавед Карим әркім видео орналастырып, жариялай алатын танысу сайтын ашқан еді. Бірақ арада бірнеше күн өткеннен кейін танысу платформасында бірде бір қолданушы қалған жоқ.
YouTube одан кейінірек, 2004 жылы ақпанда, америкалық футболдан чемпионат финалы – Супер Боул додасы өткеннен кейін пайда болды. Сол жылы АҚШ-та Nipplegate деген атауымен белгілі оқиға болды: ойын арасындағы үзіліс кезінде ән салып тұрған Джастин Тимберлейк Джанет Джексонды киімінің өңірінен тартып қалғанда әншінің оң төсі жалаңаштанып қалды. Үзіліс кезінде көпшілік көрерменнің назары теледидар экранынан басқа жаққа бұрылып кеткендіктен, атышулы оқиғаны көре алмай қалды.
Сөйтіп, 2005 жылғы 14 ақпанда Youtube.com сайты іске қосылды.
Алайда сайтқа видео жүктеу мүмкіндігі тек 23 сәуірде пайда болды. Платформа тарихындағы ең алғашқы видеороликті Джавед Карим жүктеген. "Хайуанаттар бағында жүрмін" деген ол видеода Сан-Диего қаласындағы хайуанаттар бағының піл тұрған орны алдында тұрып видеоға түскен жас жігіт: "Олардың ең кереметі, тұмсығы өте ұзын. Бар болғаны сол", – дейді әзілдеп.
Ол кезде YouTube уақыт өте Disney сияқты аса танымал компанияны да, кабель жүйесімен хабар тарататын америкалық арналарды да шаң қаптырады деп ешкім ойлаған жоқ. Революциялық жаңалықты өзгелерден бұрын Google аңдай алды. Интернет алпауыты 2006 жылы YouTube платформасын 1,65 миллиард долларға сатып алды.
Жарнамадан түскен кіріске негізделген жұмыс осылайша басталды. YouTube ең алдымен өз аудиториясын іздеген видеооператорлардың, редакторлардың, жарнама жасайтындар мен жарнама беретіндердің басын біріктірді.
Өндіріс шығыны мен студияның жоқтығы, оған қоса қолданушылар жүктейтін контент – осының бәрі YouTube платформасына дәстүрлі медиа алдында зор басымдық береді.