Зейнетақы жинағындағы ақша енді пластикалық операция жасауға да берілмейтін болды

Бірыңғай жинақ зейнетақы қоры бөлімінің ғимараты.

12 желтоқсаннан бастап тұрғындар зейнетақы ақшасын пластикалық операция жасатуға да қолдана алмайтын болды. “Отбасы банк” мұндай шешімді “зейнетақы ақшасын мақсатсыз жұмсау қаупімен” байланыстырады.

Банктің хабарлауынша, зейнетақы ақшасын көз бен тіс емдетуге жұмсау туралы өтініштер тоқтатылғаннан кейін пластикалық операция жасау туралы өтініштер күрт ұлғайған. Олардың саны орташа айлық көрсеткіштен 130 есе артып, желтоқсанда өтініштердің құны 1,8 млрд теңгеге жеткен.

"Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау – "Отбасы банкінің" міндеті. Пластикалық оталарға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде, біз бұл жағдайдан БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық" деп жазылған "Отбасы банктің" хабарламасында.

Банктің айтуынша, қазір пластикалық операция жасау бойынша 6 294 өтініш қаралып жатыр. Бұл өтініштер қолданыстағы ережеге сәйкес қаралады.

Қазір тұрғындар зейнетақы ақшасын төмендегідей емдеу түрлері үшін пайдалана алады:

Орфандық (сирек кездесетін) ауруларды емдеу;
Радионуклидті және радиойодты терапия;
Радиохирургиялық емдеу;
Протонды терапия.

Бұған дейін "Отбасы банк" зейнетақы ақшасын көз бен тіс емдетуге пайдалану туралы өтініштерді қабылдауды тоқтатқан еді.

Осы аптада 2026 жылдан бастап зейнетақы ақшасының минималды шегі жаңартылатыны, оның көлемі 10 пайызға артатыны белгілі болған еді. Таблицаға сай, мысалы 20 жастағы қазақстандықтардың зейнетақы шотында 3,72 млн теңгеден артық ақшасы болса ғана, сол артылған ақшаны ғана пайдалана алады. Бұл көрсеткіш 30 жастағылар үшін – 5,12 миллион теңге, 40 жастағылар үшін — 6,72 миллион теңге. Осылайша тұрғындардың зейнетақының артық ақшасын пайдалану мүмкіндігі қиындады.