Зеленский Әбу-Дабидегі келіссөздің кезекті кезеңі ақпанның 4-і мен 5-інде өтетінін айтты

Украина президенті Владимир Зеленский

Украинадағы соғысты бейбіт түрде реттеу жөніндегі үшжақты келіссөздің кезекті кезеңі Біріккен Араб әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында ақпанның 4-і мен 5-і күндері өтеді. Бұл туралы жексенбі, 1 ақпан күндіз Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады.

Оның сөзінше, өзіне мұндай ақпаратты келіссөзге қатысып жатқан Украина делегациясы жеткізген. Ал тараптар Әбу-Дабиде 1 ақпан күні кездесті ме деген сауалға әзірге жауап жоқ, Зеленский ол жөнінде ештеңе айтпаған.

Бұған дейін АҚШ, Ресей және Украина Әбу-Дабидегі келіссөздің жаңа кезеңін жексенбі, яғни 1 ақпанда өткізу жоспарланған деген ақпаратты растаған еді.

Әзірге Мәскеу де, Вашингтон да президент Зеленский айтқан ақпаратқа байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Осының қарсаңында Ресей президентінің арнаулы өкілі Кирилл Дмитриев Флорида штатында АҚШ делегациясымен кездескен, оның құрамында АҚШ президентінің арнаулы өкілдері Стивом Уиткофф пен Джаред Кушнер де болған еді. Тараптар келіссөз "өнімді" әрі "конструктивті" болды деген.

Ресей мен Украина және АҚШ өкілдерінің қатысуымен Әбу-Дабидегі келіссөздің алғашқы кезеңі қаңтардың 23-і мен 24- күндері өтті. Тараптар прогресс бар деп мәлімдегенімен, жер мәселесі бойынша әлі ортақ мәмілеге келе алмағанын растады.