Зеленский араға екі жыл салып Киевтің Қазақстандағы жаңа елшісін тағайындады

Қазақстан мен Украина тулары

Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметіне Виктор Майко тағайындалды. Украина президенті Владимир Зеленский тиісті жарлыққа 7 сәуірде қол қойған.

65 жастағы Виктор Майко бұрын Киевтің Түрікменстандағы елшісі, әр жылдары Украина сыртқы істер министрінің кеңесшісі, сыртқы істер министрінің орынбасары болған, сондай-ақ Украина елшісі ретінде Ауғанстанда қызмет еткен.

Майкоға дейін Украинаның Қазақстандағы елшісі болып істеген Петр Врублевский дипломатиялық дау-дамайға қалғаннан кейін, осыдан екі жарым жыл бұрын Киев оны кері шақырып алған. Содан бері Астанадағы елші қызметі бос тұрған еді.

2022 жылдың тамыз айында қазақстандық блогер Диас Кузаировтың арнасында елші Врублевскийдің сұхбатынан үзінді жарияланған. Соғыс басталғаннан кейін Украина азаматтарының ресейліктерге көзқарасы туралы сұраған блогерге елші: "қазір неғұрлым көп орыстың көзін құртсақ, балаларымыз соғұрлым аз жоятын болады" деп жауап берген. Дипломат жауабында тек соғысып жүрген Ресей сарбаздарын меңзеді ме, болмаса Ресейдің кез келген азаматы туралы айтты ма, ол жағын нақты түсіндірмеген.

Оның бұл сөзіне реакция білдірген Ресей Астанадан Врублевскийді елден кетіруді талап етті. Осы жайтқа байланысты Ресей сыртқы істер министрлігі тіпті Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақыртты.

Одан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина елшісі Петр Врублевскийді шақыртып, оған наразылық білдіргенін мәлімдеп, "Врублевский кешірім сұрады" деген ақпарат таратты.

“Мұндай іс-әрекет мемлекеттер арасындағы достық мәмілеге кедергісін тигізбеуі тиіс", - деген Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу "шамданды", Астана "түсініспеушілік танытты". Украина елшісінің сөзінен шыққан шу

2022 жылғы 8 қыркүйекте ресейлік БАҚ Врублевский Қазақстаннан биліктің талабымен кетті деп хабарлады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі сол кезде Врублевскийдің елден шығарылуына қатысты талап қойылмағанын, оның демалыста екенін мәлімдеген еді. Сол жылы қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатқан.

2023 жылы мамырда Киев Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметіне Сергей Гайдайдың кандидатурасын ұсынған, бірақ Астана оны бекітпеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі оның "себебін түсіндірмей-ақ бас тартуға хақымыз бар" деген.