Зеленский Азаттық радиосы тілшісі Марьян Кушнирді Ресей шабуылынан соң баланы құтқарғаны үшін марапаттады

Марьян Кушнир

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей күштерінің шабуылынан кейін адамдарды құтқарғаны үшін украиналық жауынгер Владислав Рожковский мен Азат Еуропа – Азаттық радиосы Украин қызметінің әскери тілшісі Марьян Кушнирді "Ерлігі үшін" орденімен марапаттады.

Зеленский Украина қарулы күштерінің сержанты, "Омар" деген лақап атымен танымалі Владислав Рожковский өткен аптада Харьков облысында жолаушы пойызына ресейлік дрондар жасаған шабуылдан кейін адамдарды құтқарғанын айтты. Президенттің сөзінше, Рожковский пойыздағы 200-ден астам жолаушының бірі болған. Шабуылдан кейін ол дереу адамдарды эвакуациялауға кірісіп, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

"Азаттық радиосының әскери тілшісі Марьян Кушнир Киев облысында ресейлік дрон шабуылынан кейін отқа оранған пәтерден төрт жасар баланы аман алып шықты. Украинада осындай адамдар барын мақтан тұтамын. Жанашырлықтарыңыз бен адам өміріне араша түскендеріңіз үшін – майданда да, тылда да – алғыс айтамын. Дәл осындай адамдардың арқасында еліміз нық тұрып, жауға қарсы күресіп келеді. Рақмет!" – деп жазды Зеленский әлеуметтік желідегі постында.

Марьян Кушнир 28 қаңтарда Киев облысындағы Белогородка ауылында Ресейдің әуе шабуылы салдарынан шыққан өрт кезінде кішкентай қызды құтқарған. Журналистің айтуынша, баланың анасы мен оның серігі шабуылдан мерт болған. "10 жыл бойы соғысты көріп жүрсем де, жылап тұрған төрт жасар баланы көтеріп тұрып, оның анасы қаза тапқанын түсінген сәттегі сезімді бұрын-соңды бастан кешпеппін", – дейді журналист. Кішкентай қызды кейін әкесі мен ағасы өз қамқорлығына алған.

Марьян Кушнир Азаттық радиосында 2015 жылдан бері жұмыс істейді, ол Ресей Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғыс жайлы материалдар жариялап келеді. Журналист 2022 жылғы наурыз айында Киев облысында Украина жауынгерлерінің ресейлік әскер шабуылын тойтаруын түсіріп жүрген кезде контузия алған. Кушнир 2022 және 2024 жылдары журналистерге берілетін "Мамандық абыройы" сыйлығының иегері атанған. Ал 2023 жылы Bucha Journalism Conference Марьян Кушнирді Ресей-Украина соғысы кезіндегі ұстанымы және "журналистік кәсіби құндылықтарға адалдығы және айрықша ерлігі үшін" арнайы сыйлықпен марапаттаған.