Зеленский Драпатыйды Украина әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындады

Генерал Михайло Драпатый

Украина қарулы күштерінің жаңа бас қолбасшысы болып 43 жастағы генерал Михайло Драпатый тағайындалады. Мұны 21 шілде кешке Украина президенті Владимир Зеленский жариялады.

2024 жылғы 8 ақпаннан бері Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып келген 60 жастағы генерал Александр Сырский қызметтен босатылды.

Зеленский бұл шешімді қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Евгений Хмарамен және президент кеңсесі басшысының орынбасары Павел Палисамен бірлесіп қабылдағанын мәлімдеді. Зеленский барлық шешімдер 22 шілдеде "ресми түрде" қабылданады, Украина қарулы күштері бас штабының құрылымы "жаңартылады" деді.

Бұған дейін бірқатар БАҚ дереккөздерге сүйеніп, Зеленский Сырскийдің орнына Драпатыйды тағайындамақ деп хабарлаған.

Украинаның жоғарғы әскери басшылығындағы ауыс-түйіс қоғамда үлкен наразылық акциялары жалғасып жатқан шақта жасалды. Шеруге шыққан жұрт бұған дейін қорғаныс министрі лауазымынан босатылған Михаил Федоровты қызметіне қайта алуды және Сырскийді бас қолбасшы қызметінен босатуды талап етті.

Сейсенбіде Зеленский бұрынғы қорғаныс министрі Федоровпен қайта кездескен. Бұған дейін Федоров армия мен оны жабдықтау мәселелеріне және басқару стиліне байланысты әртүрлі көзқараста болғандықтан Сырскиймен арасында келіспеушілік барын мәлімдеген еді. Мұны Зеленский де растаған.

Александр Сырский қызметтен босатылғанына байланысты әзірге пікір білдірген жоқ. Дүйсенбі күні "Militarnyi" басылымында жарияланған "Менің жұмысым – соғыс" деген мақаласында ол Федоровпен арасында кикілжің барын жоққа шығарып, оны "жұмыс барысында түрлі ұстанымға байланысты болатын күрделі мәселелер" деп сипаттаған. Бұған қоса ол өзін соғыс жүргізу стратегиясы жоқ, өзіне адал адамдарды ғана өсіреді деген айыптауларды жоққа шығарған.

Генерал Драпатыйдың әскери жолы

Михайло Драпатый 2004 жылы Харьков танк әскері институтын, ал 2017 жылы Украинаның ұлттық қорғаныс университетін тәмамдаған. Сарапшылар оны ресейшіл сепаратистер Донбассты бөліп алмақ болып бүлік шығарған 2014 жылдан бері Украинаның тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығы үшін күресіп жүрген тәжірибелі қолбасшы деп сипаттайды.

2014 жылдың мамыр айында батальон командирі Драпатый ресейшіл сепаратистер басып алған Мариупольдің орталығына украин әскерінің кіруін ұйымдастырғаннан кейін оның есімі жұртшылыққа кеңінен танылды. Сол жылы тамыз айында Драпатыйдың батальоны Луганск облысындағы Изварино елдімекені маңында өте қиын жағдайда қалған украин әскерін қоршаудан алып шыққан.

2016 жылы Драпатый 58-мотоатқыштар бригадасын басқарды. 2022 жылы Ресей армиясы Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқаннан кейін ол Херсон бағытындағы қорғанысты басқарды, сол жылғы қараша айында Херсонды азат ету операциясына қатысты.

2024 жылдың қазан айында Драпатыйға генерал-майор атағы берілді. Оған дейін 10 мамырда Ресей әскері Харьков облысында бастаған шабуылды тойтаруға жауапты болды: майданның сол тұсында қорғаныс құрып, жаудың аумаққа тереңірек енуіне жол бермеді дейді сарапшылар.

2024 жылдың ақпан айында Сырский Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалғаннан кейін Драпатый оның командасына қосылып, Бас штаб бастығының әскери дайындық жөніндегі орынбасары болды.

2025 жылғы 1 маусым күні Днепропетровск облысындағы полигондардың біріне Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасап, украиналық 12 адам қаза тауып, 60-тан астамы жараланған. Украина қарулы күштері құрлық әскерінің қолбасшысы генерал Драпатый осы "қайғылы оқиға үшін жеке жауапкершілін сезінгендіктен" отставкаға кету жөнінде шешім қабылдаған.

Ал 2025 жылдың қазан айынан бері генерал Драпатый Украина әскерінің біріккен күштері қолбасшысы болып келді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Евгений Хмара Украинаның қорғаныс министрі міндетін атқарушы болып тағайындалдыКиевте мыңнан астам адам Федоровтың отставкасына қарсылық білдірдіЗеленский мен Сырский Федоровтың отставкасы жайлы пікір білдірдіМихаил Федоров Украинаның қорғаныс министрі қызметінен кететінін растадыУкраина парламенті жаңа премьер ұсынған үкімет құрамын бекітті