Зеленский: Киевте миллионнан астам адам жарықсыз қалды

Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні кешке жасаған мәлімдемесінде Ресейдің жаппай шабуылынан кейін, 20 қаңтар кешіндегі жағдай бойынша, Киев қаласында бір миллионнан астам тұтынушы жарықсыз қалғанын айтты.

Бұған қоса ол Украина астанасында төрт мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй жылусыз отырғанын растады. Сейсенбі күні таңертең жылусыз қалған үй саны шамамен 5600 болған, кейін олардың бір бөлігі қайта қосылған.

Зеленский жағдайды реттеу үшін нақты шаралар, соның ішінде электр энергиясын тарату мен тұтынуды қайта бөлу мәселесі шешу қажет екенін айтты. Бұл шараларды үкімет талқылауы керек деді ол.

Сонымен қатар президент Украина әуе күштерінің ресейлік әскери дрондарды залалсыздандыру жұмысы көңіл көншітпейтінін, бұл мәселені елдің жаңа қорғаныс министрі Михаил Фёдоровпен талқылағанын айтты.

Украина қарулы күштерінің дерегінше, 20 қаңтарға қараған түні ел аумағына жасалған жаппай шабуылға Ресей әскері 372 дрон мен зымыран қолданған. Соның 342-сі атып түсірілді немесе залалсыздандырылды деді Украина тарапы. Негізгі нысанаға энергетика нысандары алынған, олардың қатарында Киевтегі инфрақұрылым да бар. Киевте ғана емес, Украинаның өзге өңірлерінде де жарық сөнген деген ақпарат тарады.

Ресей қорғаныс министрлігі сейсенбіге қараған түні Украинадағы әскери нысандарды, соның ішінде украин армиясының мүддесіне пайдаланылып отырған энергетика мен көлік инфрақұрылымы нысандарын нысанаға алып, жаппай шабуыл жасағанын хабарлады.

Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) X әлеуметтік желісінде жариялаған ақпаратта сейсенбі күні таңертең ауқымды әскери қимылдар салдарынан ядролық қауіпсіздік үшін аса маңызды украиналық бірнеше қосалқы электр станциялары зақымданғаны айтылған. Бұл ақпаратта МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гроссидің сөзіне сілтеме берілген.

Ол хабарламада жұмыс істемей тұрған Чернобыль атом электр станциясы сырттан келетін электр қуатынан толық ажыратылғаны, оған қоса басқа атом электр станцияларына баратын желілер де зақымданғаны айтылған.