Украина президенті Владимир Зеленский Қытайды Ресей әскеріне қару-жарақ жеткізді деп айыптады.
Зеленский мұны бейсенбі күнгі брифинг кезінде айтты.
"Маңызды, бірақ өте жағымды емес ақпарат. Бізге Қытайдың Ресейге қару жеткізіп жатқандығы жөнінде мәлімет түсті. Украина қауіпсіздігі қызметі мен барлау жағында оқ-дәрі, артиллерия туралы мәлімет бар" деді ол. Оның сөзінен "РБК-Украина" үзінді келтіреді.
Владимир Зеленский мәліметтің жай-жапсары келесі аптада жарияланатынын атап өтті. Ол сонымен бірге Қытай өкілдері Ресей аумағында кейбір қару-жарақ түрлерін шығарумен айналысуы мүмкін екендігін де жеткізді.
- Бұған дейін Пекин Украинадағы соғысқа еш қатысы жоғын айтып, Ресейге қару-жарақ бергенін мойындамаған. Ресми Пекин соғысты келіссөз арқылы шешуге шақырып келеді. Бірақ ол Ресейге қарсы халықаралық санкцияға қосылған жоқ.
- 8 сәуірде краина президенті Владимир Зеленский Украина әскері Донецк облысында Ресей әскерінің құрамында соғысқа қатысқан екі Қытай азаматын тұтқындағанын хабарлады. Кейінірек ол Украинаның арнаулы қызметтеріне мәлім ақпарат бойынша, Ресей армиясы қатарында кемінде 155 Қытай азаматы соғысып жүр деп мәлімдеді.
- Ал Қытай өз әскери қызметкерлерін Украинаға Ресей жағында соғысуға жібермегенін мәлімдеді.
- Ал тұтқындардың өздері Ресейге ақша табу үшін барғанын, ал соғысқа өздерін алдап салғанын айтқан.